Біз биыл Сүлейман Демирел атындағы университетті бітірдік. Мен журналистика факультетін, ал Амана филология факультетін тәмамдады. Жақында үйлену тойымызды өткізуді жоспарлап отырмыз. Осыған дейін «Alif» оқу орталығын, Cіao-Cacao кофеханасын, МАДУ кафесін бірге аштық. Бұл отбасылық бизнестер тәрізді. 9-сыныптан бастап журналистикаға қызықтым. Университеттегі 1-курстан кейін, фотожурналистикаға ерекше ықылас таныта бастадым. Фотоаппаратты үйренудің арқасында Аманамен таныстым. Өзімді дамыту мақсатында университеттегі барлық адамды фотоға түсіріп жүретінмін. Бірде Амананы фотоға түсіріп, оны өзіне беру арқылы танысу құрметіне ие болдым.

Дәуренбек Урметов
© Жеке мұрағат

Ортақ қызығушылықтарымыздың арқасында, 3-курста бірігіп «Alif» оқу орталығын аштық. Басында «First» деп атап едік, халыққа айту оңай болмағандықтан, атауын өзгерттік. Амананың негізі мамандығы – ағылшын және француз тілінен ұстаз. Бұл тілдермен қоса, араб тілін де жақсы меңгерген. Осы қабілеттерді пайдалана отырып, басқа да мұғалімдердің штатын құрдық. Амана орталықта ұстаз, ал қалған ұйымдастыру жұмыстарын мен атқарып отырдым. Өзімнің ұстаздарымның бірі, «EDtech» оқу орталығының директоры, Қазақстандағы білікті психолог Ғани Бейсембаев ағамыздың тәлім-тәрбиесін алғанмын. Біраз уақыт «EDtech» орталығында студенттер президенті қызметін атқардым. Ғани Бектаевтың жұмысына қызыға отырып, менің де алғашында ҰБТ-ға дайындайтын орталық ашқым келді. Бірақ сәтсіз болды. Балалармен тіл табысу қиын болды. Оларға бел ортасынан алып, білім үйрету оңай емес екен. Содан бағытымызды кішкентай балаларға бұрдық.

Alif оқу орталығы
«Alif» оқу орталығы

Балалармен жұмыс істеу екеуімізге де ұнады. Ол кезде мен «Ана мен бала» журналында фотограф болып жұмыс істейтінмін. Содан да болар, баламен жұмыс істеген жеңілірек болды. Алайда оқу орталығымыз түрлі себептерге байланысты жабылды. Біздің ең бірінші қателігіміз — орталығымыз Қаскелеңде орналасты. Байқауымызша, қаланың шеті болғандықтан, «білім жүйесі сапасыз болар» деумен адамдардың көпшілігі бізге сенімсіздікпен қарады.

Кейіннен бір жақындарымызға бизнесі үшін кафе іздедік. Іздеу барысында Cіao-Cacao кофеханасын кезіктірдік. Бұйырғаны болар, сол кофехананы өзіміз алатын болдық.

Ciao-Cacao кофехана
Дәуренбек Урметов: Жедел шешім қабылдағанды ұнатамын. «Cіao-Cacao кофехана бизнесін жүргезесіздер ме?» деген ұсынысты естігенде, көп уақыт ойланбай бірден келістім. © Жеке мұрағат

Cіao-Cacao – біздің төл туындымыз емес. Біз бар болғаны осы бизнесті дамытуға бардық. Оның ашылғанына да көп уақыт бола қоймаған еді. Кофехананы өзімізге алдық, жалдау құнын төлеп тұрдық.

«Бизнес үшін оқуымды тастадым»

Осы бизнесті қолға алғаннан кейін, оқуымды тастауға бел будым. Бұған дейін де ата-анама «журналист болуым керек болса, дипломның қажет жоқ» екендігін айтатынмын. Дәл осы оймен анама хабарластым: «Менің диплом жазуға да, оқуға да уақытым жоқ. Осындай бизнесті жүргізгелі отырмын. Оқуға ақы төлеп, ақша жұмсамай-ақ та қоямын. Одан да қаржыны бизнеске құйғаным әлдеқайда пайдалы. Оқуды тастаймын,»-деп жөнімді айттым. Қарсылықтар аз болмады. Ағаларым келіп: «Биыл бітіресің, бәрібір де диплом керек,» — деп менімен әңгімелесті. Достарым да: «бір ғана семестр шыдасаң, болды емес пе?!»- деп кеңестерін аямады. Деканаттан да хабарласты. Негізі дипломымның 1-бөлімін жазып қойған едім.

Диплом жазуға дайындайтын Молдияр Ергебеков деген ұстазыма: «Диплом сіздерге өткізетін жай қағаз емес, мені дамытатын жоба болуы тиіс,»- деп айтқан едім. Оны жазуым үшін, кино түсіруім керек болды. Сол сәтте уақытым тым тығыз еді. Ақыр соңында «Ілініп, салынып жұмысымды жазып, диплом алғанымнан — алмағаным артық» деп шештім.

МАДУ, Дәуренбек Урметов, Амана
©Baribar.kz

Достарым диплом алатын кезде, мен де университетке барып, мантия киіп алдым. Ұстаздарым «мынау саған жараспайтын сияқты ғой,» — десе, жолдастарым: «мынауың фейк қой,» — деп әзілдеп жатты. Мен түр білдірмеймін. Әр кафедра студенттерін марапаттап жатыр. Ұстаздарым алдыңғы қатарда отыр. Бір кезде менің аты-жөнім аталып, сахнаға шығып «диплом» алдым. Білетіндердің бәрі аң-таң. Маған берілгені диплом емес, ешқандай заңды күші жоқ сертификат еді. Адамдармен жақсы тіл табыса білемін. Бұл қағазды диплом ретінде аталып, табысталуына алдын ала келісім жасап қойған едім. Бұны ата-анамның көңілін көтеру үшін жасадым.

Өмірде кей дүниелерге селқос қарау керек. Мен қарай алмаймын. Бұның мен үшін кері әсері де жоқ емес. Осы уақыттарда Амананың көмегі көп тиеді. Менің кемшіліктерімнің орнын толтырып отыратын да – Амана. Дегенмен, дәл осы тым мұқияттылықтың арқасында достарымның ортасында сыйлымын деп ойлаймын. Барынша әрнені «жігітше» жасағым келеді (күледі).

МАДУ кафесі
Дәуренбек Урметов: Амана — әзірбайжан ұлтының өкілі. «Үйленеміз» дегенімде, үйдегілер алғашында қарсы болды. Оң қабақ танытпады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мынадай сөзі бар екен: «Еркек емессің бе?! Егер жақсы көрсең, үйлен!». Осыны оқып, ата-анама көрсеттім. Ойланып қалды. Мен үйге барсам, олар Төреғалидың «Қазақ қызға үйленем» деген әнін қосып қояды (күледі). Аманаға осы жайлы айтсам, «Төреғали әнінің басында: «Аты-жөнім болады, Төреғали Төрәлі,» — дейді емес пе?! «Қазақ қызға үйленем» деп өзі жайлы айтып жатыр, басқалармен жұмысы жоқ қой. Әрі ол әзірбайжан қызы туралы сөз қозғамайды,» — деп әзілдеген еді. ©Baribar.kz

Амана туған еліне Бакуге барып келетін, Түркияда болатын. Сөйтіп 3 ай жазда бір-бірімізді көрмей, сағынысатынбыз. Бірге бизнес бастағалы біз аптасына 7 күн бойы бірге жүреміз. Барлық негативті де бірге өткеріп келдік. Негізі бизнес пен қарым-қатынасты бірге алып жүру оңай емес. Қарап отырсам, кей шешімдерді Аманамен кеңеспей қабылдайды екенмін. Дегенмен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті бойынша кеңесуге тырысамын.

Дәуренбек Урметов
Дәуренбек Урметов ©Baribar.kz

Ақшаға келгенде аздаған «сараңдығым» бар (күледі). Жоғарыда фотоға түсірумен де айналыстым деп атап өттім. Сол арқылы тойларға шығып жүрдім. «Alif» оқу орталығынан түскен пайдалар бар. Барлығын қосып, алғашқы капиталға жеткіздік. Негізі «оқу орталығынан пайда аз түседі» деп ойлағанбыз. Сөйтсек, қателескен екенбіз. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, білім беру саласында шығын аз екен.

Ciao-Cacao кофеханасы үшін алғашқы капиталымыз 1 млн теңге болды. Бұл — осы бизнес үшін аз қаржы. Жалға беруші бізден 1,5 млн теңге сұрады. Біз ептеп, көндіріп алдық. «15 күннен кейін 750 мың теңгені қайтарып береміз,» — дедік те, қолдағы 750 мың теңгені арендаға төледік. Қалған ақшаға үстелдер, басқа да заттар, кофелерді сатып алдық. Бірақ 15 күнде қажетті соманы жинай алмадық, тек 500 мың теңге бердік. Бұл – кофеханадан түскен қаржы.

Ciao-Cacao кафесі
Ciao-Cacao кофеханасы

Біз барымызды салып жұмыс істедік. Алғашқы бизнес, көзімізде — от. «Күн», «түн» демейміз. Бұрын оқу орталығының жұмысы саябыр өтетін. Бәрі кесте бойынша жүрді. Екеумізге көшеде балмұздақ жеп жүруге де уақыт табылатын. Ал мейрамхана бизнесінің аты дардай болғанымен, уайымы көп болды. Дегенмен Cіao Cacao біздің достарымыздың арқасында жүріп отырды десек те болады. Студент болғанымыздың бір артықшылығы осында еді. Күніне 6-7 СДУ студенттері келіп, кофе ішіп кететін. Тұрақты келушілеріміздің бірі ұстазымыз – Асхат Еркімбай болды. Барлық қолдаушыларымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Асхат Еркімбай, Дәуренбек Урметов
Асхат Еркімбай және Дәуренбек Урметов Cіao Cacao кофеханасында ©Әбдіманап Кеңес

4,5 ай кофехана бизнесімен айналыстық. Біз үшін ең қиын ай наурыз болды. Әсіресе 8 наурыз мейрамы бәрін «құртып» кетті (күледі). Қонақтар осы уақытта көп болады деп ойлаған едік. Сөйтсек керісінше, мейрамханаға адамдар демалған күндері барса, кофеханаға жұмыс кезінде келеді екен. Бір байқағаным, біздің халық кофе ішеді, — ләззат алмайды (күледі). Кофенің нарықтағы орташа құны 700-800 теңге, оны үйде отырғандай шай сияқты сіміре алмаймыз. Оны өзінің бабымен, ләззатымен ішу керек.

«Кофехана — іскерлік қарым-қатынасқа қолайлы орын»

Кофе Еуропаға арабтардан келген. Арабтарда ол «кахуа» деп аталған. Кофе ішу мәдениеті мұсылмандар мәдениетінде бар, алайда қазақтарда әлі қалыптасып үлгермеген. Танымал тұлға Алишер Еликпаев «Мен қазақтар арасында кофе ішу мәдениетін қалыптастырғым келеді,»- дейді. Өзім кофемен айналысқаннан кейін, ол кісіні жақсы түсіне бастадым. Кофеханаға көбінесе бизнесмендер, қызметкерлер ноутбуктарын көтеріп келіп, жұмыс істей отырып ішеді. Кофе мен үшін іскерлікті көрсетеді. Кофехана — бизнеске қолайлы орын. Біздің кофеханада отырып, үлкен істер, үлкен бизнес жоспарлардың талқыланғанын қаладық. Әсіресе, жастардың бос уақытын өткізбей, кәсіппен айналысқанын құптаймыз.

Сiao-Cacao кофеханасы ©Әбдіманап Кеңес

«2,5 млн теңге шығынмен кофехананы жаптық»

Жаз мезгілі келді. Әрдайым халал өнімдерді ұсынғымыз келді. Дегенмен кофехананың орналасқан жері біз үшін тиімсіз еді. Қасымызда клуб және калян-бар орналасқан. Көп адамдар біздің кофеханаға келіп, калян, алкоголді ішімдіктер сұрайтын. Біз әрдайым «жоқ» деумен болдық. Кофехана иесіне соңғы айдың жалдау құнын депозитпен төледік. Оған «жұмыс жүрмей жатыр. Біз шығатын шығармыз,»- деп айттық. Ол кісіге біздің кеткеніміз тиімсіз болды. Соңында ол кассаны көтеру үшін, ішімдіктер сатуға ұсыныс білдірді. Бірақ біз ішімдіксіз де үлгілі бизнес құруға болатындығын айтып, түбегейлі бұл істен бас тарттық.

Жалпы кеткен шығын 2,5 млн-ды құрады. Салған ақшамызды қайтара алмадық, бірақ ары қарайғы күн көрісімізге жетті. Достарымыз: «2,5 млн теңге түк емес қой,»- деп жұбатып қойды.

Көлемді шығынмен екінші бизнесті қалай бастауға болады?

Ең алдымен, депрессияға түспеу керек. Біз бұл кезеңнен өттік. Ұзақ болған жоқ, 2-3 күнге созылды. Сіao-Cacao-да жұмыс істеп жүрген кезде, әр нәрсені кофенің ақшасымен есептейтінбіз. Такси ұстасақ, «1 кофенің ақшасы», «мынаның құны 2 кофенің бағасындай екен,» — деп отыратынбыз (күледі). Ал «кофехана жабылды» деген шешім нақты қабылданғаннан кейін, таныстарымызға, жора-жолдастарымызға «біз жаңа бизнес ашу үшін жаптық, бізден жаңа дүние күтіңіздер» деген көңіл-көншіту айттық. Перфекционист болғандығымнан көп нәрсеге пессимизммен қараймын. Мұндай кездерде өзінің оптимизмімен Амана көмектеседі. Бізге көп адамдар сенді, қолдау білдірді. Соны ақтау керек болды. Осының күшімен бірден жігерімізді қайта жинап алдық. Жаңа бизнес аштық. Қазіргі уақытта Алматыда «МАДУ» кафесі жұмыс істеп тұр.

МАДУ
«МАДУ» кафесі ©Baribar.kz

Кафе атауы МАДУ — есімдеріміздің инициалы, Мамедсой Амана, Дәуренбек Урметов. Сондай-ақ индонезия тілінен аударғанда «маду» сөзі «бал» деген мағынаны білдіреді. Алдағы уақытта МАДУ желісі құрылады деп жоспарлап отырмыз. Сол үшін жеңіл атауды таңдадық. Әр желінің басшылығына тағайындайтын адамдарымдызды тәрбиелеп жатырмыз. Алла қаласа, «МАДУ пиццериясы», «МАДУ кәуап-сторы» ашылады. Кәуаптың бағасы 550 теңгеден болады деп бағалап отырмыз. Алматыда адамдар сырттан тамақтанып үйренген, соның ішінде жастарды ерекше атауымызға болады. Жастар ай соңында ғана үйден тамақтанбаса, көбінесе сырттан тамақ ішуге бейімделген.

«Бизнеске махаббат пен креатив ауадай қажет»

МАДУ кафесіндегі барлық үстел, орындықтарды өз қолымызбен жасадық. Креатив қосуға тырыстық. Кофехана бизнесінен 2,5 млн теңге шығынмен шыққанымызды айтып өттім. Жаңа бизнеске бірден кірісу, оны алып кету оңай болмады әрине. Жалға алып отырған ғимаратымыздың іші көне. Жөндеу жұмыстары біз ойлағаннан да ұзақ уақыт алды. Көп қаражат кетті. Жиһаздарға келгенде, ақшамыз таусылып қалды. Шығар жолын іздедік. Соңында бәрін өз қолымыздан жасауға бел будық.

МАДУ кафесі
МАДУ кафесі ©Baribar.kz

Қазіргі орындықтар қарапайым қара, сұр түсті кеңсе орындықтары еді. Оған губка салдық, сырладық, әдемі маталармен қаптадық. Ағаштан жұмсақ дивандар жасадық. Оны да қолымызбен әрлеуге тырыстық. Ескі ауа кондиционерінің сыртын қолдан өзгерттік, сырттағы «МАДУ» атауын да өзіміз жаздық. Арнайы жастататын орнына барып, құнын сұрағанда, 200 мың теңге екенін білдік. Жағдай әзірге мұрсат бермегендіктен, оны да қолымыздан, бар шығыны 30 мың теңгені құрайтындай етіп жасап шықтық. Інілеріміз көмектесті. Енді басқа адамдардан да тапсырыс қабылдай аламыз (күледі).

МАДУ кафесі
МАДУ кафесі ©Baribar.kz

Осында қонып, үйге екі-үш күнде бір барып жүрген едік. Бұрын кірген адам қазіргімен салыстырғанда, айырмашылықтарын байқар еді. Сахна жасап қойдық. Мұнда мастер-кластар, ашылулар жасауға болады. Бұл — біріншіден, маркетингтік тәсіл, екіншіден, адамдарға жағдай. Осындай орындарды іздейтіндер қазір аз емес.

МАДУ кафесі
МАДУ кафесі. Қағаздан декоративті құстар жасалынып жатыр ©Baribar.kz

Біздің халықта «ұзынқұлақтың қызметі» өте жақсы дамыған (күледі). Менің ойымша, Алматыдағы «Мадени» асханасының жарнамасын «көтеріп» кеткен де осы — «ұзынқұлақ». Ашылған кезіндегісі есімізде, халықтың арасында «Маденидің» тамақтары арзан, іші әдемі» деген сыбыстар көптеп таралды.

МАДУ-дың орналасқан жері біз үшін қолайлы, жақын маңда мешіт бар. Өзіміздің мақсатты аудиториямыз да осында. Біздің де түсінігіміз бойынша, адалдық болмай, береке келмейді. Бұл — бизнеске өте қажетті дүние.

Қазақстанда қандай бизнес ашқан тиімді?

Білім беру жүйесі — Қазақстандағы ең тиімді бизнестің бірі. Бірақ оны халыққа жаны ашыған адамдар ғана ашқаны дұрыс. Қазіргі уақытта әсіресе ағылшын тілі трендте екені көпшілікке белгілі. Оның аудиториясы кез келген орында көптеп табылады.

Менің ойымша, біздің елде отбасылық бизнесті де ашқан қолайлы. Себебі халық жанға жақын дүниелерді ұнатады. Еуропада бизнестің бұл түрін ашу бұрыннан дамыған. Егер бір дәмханада барлық жұмысты отағасы үйлестіріп жүрсе, отанасы тәтті, дәмділерді даярласа, қызмет көрсетушілер сол отбасының мүшелері болса, ол мекеменің ішінде міндетті түрде сол іске деген махаббат көрініп тұрады. Көп ададар мұны қонақтар байқамайды деп ойлауы мүмкін. Жоқ, адам білмесе де, жанына жаққан бір аураны сезінеді.

Кейитінім, адамдарда ақша табуға деген құлшыныс, мұқтаждық бар. Алайда сервис жоқ. Бізде қызмет көрсету мәдениеті енді ғана жолға қойылып келеді.

МАДУ кафесі
МАДУ кафесі ©Baribar.kz

Мақсатты жазып қою керек. Түрлі қиындықтар келеңсіздіктер келуі мүмкін, сол кезде біздің алаулаған мақсатымыз көрінбей қалады, есімізге түспейді. Яки басқа бағытқа қарай кетіп қаламыз. Соңында көздеген мақсатымыздан бас тартуымыз да ғажап емес.

Оқу орталығын ашқанда нені білу керек?

Оқу орталығын ашарда, құжатпен сауатты жұмыс жасай білу керек. Сіздің барлық жұмыстарыңыз құжат арқылы реттеледі. Әр баланың бабын табуға тырысыңыз. Сондай-ақ білім алу жолында әрдайым мотивация қажет екендігін ескеріңіз. Оқу орталығын ашқаннан кейін, үш жақты жұмыс жасаңыз (ісіңізден мәуелі жұмыс күтсеңіз ғана). Үш жақ деп отырғанымыз — оқушы, мектеп, ата-ана. Егер бала сіз берген тапсырмаларды орындамаса, ол туралы ата-анасы білуі керек. Білім беруге кіріскеннен кейін, жұмысыңызды адал атқаруға тырысыңыз. Осы арқылы сіздің орталықтың жақсы аты да қалыптасады.

Мектептермен тығыз байланыс жасағаныңыз өте тиімді. Ол — сіздің негізі аудиторияңыз. Сондай-ақ психолгияны да жақсы меңгеруге тырысыңыз. Психология жайлы кітаптар көп оқыңыз.

Кофехана ашқанда ашқанда нені ескеру қажет?

Кофеханадағы ең маңызды тұлға — бариста. Егер кофені дайындау барысында сүтті сәл ғана көптеу қосып жіберсеңіз, дәмі бірден өзгеріп шыға келеді. Оның өзіндік нәзік тұстары бар. Жақсы баристалар кофеман адамдарды бірден байқайды. Кей адамдар өзінің қандай кофе ішкісі келетінін нақты білмеуі мүмкін. Ал бариста адамға кофенің әрдайым бір түрін ғана ұсынбайды, оның қалауына, сол сәттегі көңіл-күйіне қарап өзі таңдап бере алады. Есесіне қонағыңыз риза болып кетеді. Сондай-ақ кофеханаңыздағы қызметкерлеріңіздің мақсаты бір болуы керек. Қызметкер — құл емес. Оған деген құрметіңіз де ерекше болсын.

Жас кәсіпкерлерден кеңес:

  1. Адамдар бизнеспен айналысуға келгенде, қожайындықты жақсы көреді. Мысалы, ол адамның жеке дәмханасы бар. Басшы болып жұмысқа келеді, қолына телефонын немесе ноутбугымен алып, басқа тірлігімен айналысады яки қызметшілеріне нұсқаулық береді. Түркиядағы шағын бизнес несімен ұтымды? Әкесі тамақ әзірлейді, баласы -даяшы. Егер мұның бәрі сіздің қолыңыздан келіп тұрса, неліктен өзгелерге ақы төлеп, өз бизнесіңізді басқаларыңдың қолына тапсыру қажет? Қызметшіге төленетін күн сайынғы 4-5 мың теңге, сіздің өз табысыңыз болуы мүмкін. Әрі сіз өз бизнесіңізге басқалардан қарағанда ерекше жанашырлықпен, ықыласпен қарайтын боласыз.
  2. Әрдайым ауқымды дүниеге ұмтылу дұрыс емес. Қазақтың көңілі даласындай кең болғандықтан, не ашса да үлкен етіп ашады. Оны жүргізіп кету оңай шаруа емес. Меніңше, кішкентай дүниеден үлкен іс тындыру керек.
  3. Табысты құртатын — жастар (күледі). Үлкендермен салыстырып қарағанда, ыстық-суығы басылмаған жастар шығынды әлдеқайда көбірек шығарады. Сол үшін де жастарға жағдай жасауға, олардың сұранысын қанағаттандыруға ұмтылу керек. Сол кезде Сіздің аудиторияңыз ауқымдырақ болады.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.