Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы дөңгелек үстел өтті

Соңғы жылдары Қазақстан жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізді. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен «Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі» күшіне енді. Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдауда үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Жиын барысында белгілі болғанындай, жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сай, Маңғыстау мен Жамбыл облыстары жемқорлық деңгейі жоғары аймақтарға жатса, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстары, керісінше, жемқорлық деңгейі төмен аймақтар деп танылған.

Мемлекеттік кірістер департаментінің жұмысына келер болсақ, қазіргі таңда департамент салық төлеушілермен тікелей қарым-қатынас орнатуды азайтып, электронды салық және кеден қызметтерін енгізуде. Электронды түрде көрсетілетін қызмет түрлері жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда 52 мемлекеттік қызметтің 39 түрі автоматтандырылған. Аталған қызмет түрлері электрондық үкімет немесе ведомстволық портал арқылы көрсетіледі. Осылайша, ағымдағы жылдың өзінде көрсетілген қызмет түрлерінің 80 пайызы электронды түрде жүзеге асқан. Заман талабына сай халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін автоматтандыру – жемқорлықтың алдын-алуда аса тиімді, — дейді жиынға қатысушылар.  Жалпы бүгінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейген.

Дөңгелек үстел басындағы кездесу соңында көпшілік назарына Қазақстандағы жемқорлық сипатта жасалған аса ірі қылмыстар жайында бейнефильм ұсынылды. Бұл өз кезегінде түсіндіру шараларының бірі іспетті болмақ.