Енді Алакөлге ұшақпен баруға болады

Бүгін Алматы облысы Үшарал қаласының әуежайы ашылып, әуежайға Астанадан алғашқы рейспен демалушылар ұшып келді. Мұндағы ескі əуежайдан соңғы ұшақ осыдан ширек ғасыр бұрын ұшқан болатын — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталов өңірде туримзді өркендету бағытында атқарылып жатқан шаралар, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, туристік нысандардың құрылысы жайлы айтып өтті.

— Бүгін бәріміз үшін — тарихи күн. Елбасының облысымызға 2014 жылы іссапармен келгенде берген тапсырмаларының бірі — Алакөл көлінде туристік саланы дамыту болатын. Соған сәйкес өңірде туристік инфрақұрылым қарқынды дамып, заманауи туристік нысандар, қонақ үйлер көптеп салынуда. Соның нәтижесінде Алакөлге елімізбен қатар ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар келіп жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы туристік саланың одан әрі дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, — деді Амандық Баталов. Сонымен қатар Алматы облысының Құрметті азаматы Мұхтар Жолжанов, ауданның басқа азаматтары көпшілікке өз құттықтауын жеткізіп, мемлекеттік қолдауға ризашылығын білдірді.

Енді Үшарал әуежайы аптасына төрт рет «Астана-Үшарал-Астана» және үш рет «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағытындағы әуе рейстерін қабылдайтын болады. Бұл рейстерді субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн.теңге қаржы бөлінді. Атап өтсек, Астанадан ұшатын рейстің құны 16 мың теңгеден, Талдықорған рейсі 8 мың теңгеден.

Бұл туристер үшін соңғы жақсы жаңалық емес. Жуық арада «Талдықорған-Үшарал» автожолының жөндеу жұмыстары басталады.

2016 жылы Алакөлде 452 мыңнан астам адам демалса, биылғы жылы 500 мыңнан астам келеді деп күтіліп отыр.