Амандық Баталов: Бұл – бізге бұйырған бақыт

«Галстуксыз» кездесу Талғар ауданы «Лесная сказка» туристік кешені аумағында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегерлері, «VIP» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары, жас ғалымдар, жас депутаттар, «Жас отау» байқауының жеңімпаздары, жас кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

«Асқаралы Алатаудың баурайында өңіріміздің өздеріңіздей жалындаған жастарымен кездесіп отырғаныма зор қуаныштымын. Осындай сұлу табиғаттың төрінде отырып, ой-пікір бөлісуге келген әрбіріңіз бақыттысыздар. Себебі, біз табиғаты көркем, топырағы бай, жасыл желекті өңірде дүниеге келіп, еңбек етіп жатырмыз. Бұл – бізге бұйырған бақыт», — деді Амандық Ғаббасұлы.

Басқосуда «VIP» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталып, жас ғалымдар Мағжан Ысқақов, Ксения Мерешкова, Шыңғыс Нұрғожаев, Гүлім Асхатқызы, Жігер Берліқожаның ғылыми еңбектері облыс әкімінің қаржылай қолдауына ие болды. Жастар облыс әкімімен еркін пікір алмасты.

Шара соңында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жастардың сұрауы бойынша бірге ән шырқап, естелік суретке түсті.