Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына үміткерлер қабылданады

Яғни, биылғы жылы оқу орны мотоатқыш, десанттық-шабуылдау әскерлері және әскери барлау мамандықтары бойынша оқыту үшін 17-25 жас аралығындағы кадеттерді оқуға қабылдайды. Оқуға түсу үшін тұрғылықты жер бойынша жергілікті әскери басқару органдарынан медициналық куәландырудан өту керек. Әрі қарай алдын ала медициналық куәландыру, алдын ала кәсіптік-психологиялық іріктеу, дене дайындығын тексеру, түпкілікті медициналық куәландыру және түбегейлі кәсіби-психологиялық іріктеуден өтеуі тиіс.

Конкурстық іріктеу және кандидаттардың оқуға түсуі тікелей Кадет корпусында жүзеге асырылады. Қабылдаудың әрбір кезеңінен өтуге бір-ақ рет рұқсат етіледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді. Барлық кезеңдер 20 шілде мен тамыздың ортасына дейін өткізіледі. Айта кетейік, қабылдау кезеңінде оқуға түсушілер Кадет корпусының аумағында орналасады және тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жалпы оқу мерзімі созылатын 1 жыл 10 айдың ішінде кадеттер теория және іс жүзінде әскери ғылымның қыр-сырын меңгеріп, техникалық және кәсіби білім алады. Бұл колледж деңгейіне сәйкес келеді және оларға «әскери басқарудың кіші маманы (менеджер), «В», «С» санатындағы жүргізуші және 3-сыныпты ЖӘЖМ механик-жүргізушісі біліктілігі беріледі. Оқыту аяқталғаннан кейін әрқайсысымен 10 күнтізбелік жылға сержанттар құрамы лауазымында әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасалады. Одан кейін кадеттер әскери бөлімдерге бөлімше командирлері лауазымдарына таратылады. Бұл әскери бөлімдердегі әрі қарайғы қызметтеріне қолайлы ықпал етеді және бөлімше командирінен бастап Қарулы Күштердің бас сержантына дейін қызметтік мансап бойынша көтерілуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Кадет корпусы — кәсіби сержанттарды дайындаудағы негізгі білім ошағы. 1996 жылдан бастап онда барлығы 2800-ден аса кәсіпқой сержант даярланып шыққан. Оқуға қабылдау ережелері туралы толыққанды ақпаратты ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан («Білім беру» тарауы) алуға болады.