Томирис патшайым туралы фильмді түсіру жұмыстары басталды

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» кинокомпаниясымен бірлесіп, «Томирис» атты тарихи жоба бойынша жұмысқа кірісті.

Ақан Сатаев

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсіріліп жатыр. Бас продюсері – Әлия Назарбаева. Фильмнің қоюшы режиссері – Ақан Сатаев.

 «Томирис патшайым туралы фильм түсіру – Әлия Нұрсұлтанқызының идеясы. Мен және біздің команда «Анаға апарар жол» жобасында бірге табысты жұмыс істегенннен кейін, қуанышпен әрі үлкен жауапкершілікпен кезекті бірлескен ауқымды жобаны іске асыруға кірісіп жатырмыз. Қазір бізде дайындық жұмыстары жүріп жатыр: сценарий жазу, әзірлеу, жоба өндірісін жоспарлау, түсіру тобын, ғалым-консультанттар тізімін қалыптастыру, тарихи материалдарды зерделеу, локацияны алдын ала таңдау», – деді режиссер Ақан Сатаев.

Режиссер жалпыреспубликалық кастинг жарияланатынын айтты. Барлық актерлер түсірілім алдында атқа мінуге, садақ атуға және басқа да әскери дағдыларға үйретіледі. Түсірілім 2017 жылғы қазанда басталады. 2018 жылғы ақпанға дейін Қазақстан аумағында өтеді.