Италиялық инвесторлар Орал өңіріне келмек

Шараға келген инжи-нерингпен, мұнайгаз саласына құрал-жабдық шығарумен айналысатын италияндық ірі компаниялардың басшыларына Батыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі салалары, инвестициялық әлеуеті, өңірді мұнайгаз кластеріне бағытталған машина жасау орталығына айналдыру турасындағы іс-шаралары таныстырылды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын экономиканың драйверіне айналдыру қажеттілігін айтқан еді. Еліміздің басқа өңірлеріндегі секілді бізде де бұл сала жақсы дамыған. Табиғи, экологиялық таза өнімдерді шығаруға мүмкіндік мол. Сөйтіп, еліміздің батыс аймағының агроөнеркәсіп өнімдеріне деген сұранысын толығымен қанағаттандыруға болады. Сонымен қатар ЕАЭО мен ЕО елдеріне де азық-түлік экспортының көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылғанын да айта кеткім келеді. Сол себепті италияндық кәсіпкерлерді осы салаға инвестиция салуға шақырамын. Жалпы, шетелдік компаниялардың облысымызға инвестиция салуға қызығушылығы зор. Оған кабельді-сымды өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорын, жылыжай шаруашылығының құрылысы, заман талабына сай келетін жаңа қонақүй салу жобалары мысал бола алады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін және жедел қарқынмен дамып келе жатқан облысымызда басқа да түрлі жобалар бар.

Бүгінгі шараны пайдаланып, сіздерді және сіздер арқылы өзге де италияндық кәсіпкерлерді Елордамызда өтіп жатқан «ЭКСПО –2017» көрмесін тамашалауға шақырамын. Сонымен бірге Орал қаласында дәстүрлі түрде өтетін «WestKazInvest – 2017» форумынада шақырғым келеді. Онда шетелдік қонақтарға отандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасу, жаңа өнім түрлерін шығару, бірлескен кәсіпорын құру турасында келісіммен уағдаластық жүргізуге барлық жағдай жасалады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Жиын барысында өңіріміздегі индустриалды аймақты дамытуға италияндықтар да өз үлестерін қоса алатындары айтылды. «ҚПО б. в.» компаниясының қатысуымен жүзеге асырып жатқан жобаның өңірді мұнайгаз кластеріне бағытталған машина жасау орталығына айналдыруға қосар үлесі зор.

Форумнан соң облыс әкімі италияндық компания басшыларымен жеке кездесті. Соның нәтижесінде ірі инвесторлар облыстың бизнес әлеуетімен жан-жақты танысу үшін Ақ Жайық өңіріне арнайы баратындарын жеткізді.

Айта кету керек, 2016-2017 жылдары облыс әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында отандық өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Олардың ішінен Орал трансформатор зауыты базасындағы әлемге танымал «АВВ» маркасындағы электрқалқан құрылғыларының, «Конденсат» АҚ базасында экологиялық класты «Еуро-5» мотор майының және Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы өндірістік цехтарын жаңғыртып, жетекші неміс технологиясын қондырудың арқасында полимер құбырлар шығару өндірісін айтуға болады.