Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгердің сүйегі еліне жеткізілді

Жауынгердің сүйегі Ресейдің Калининград облысы Багратион қалалық округі аумағынан өткен жылдың күзінде табылған. Оны қазба жұмыстарымен айналысып жатқан құрылысшылар анықтаған екен.

Жақында, 72 жыл өткен соң жауынгер Қамаш Бекмұхамбетовтың сүйегі туған еліне жеткізіліп, жерленді.

Сүйектің Қамашқа тиесілі екеніне сол маңнан табылған «Қызыл жұлдыз» ордені заттай айғақ болып отыр. Мұрағат құжаттарынан табылған орден нөміріне қарап, оның қызыл әскер Қамаш (шын аты Қамидолла) Бекмұхамедовке берілгендігі анықталады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Шығыс Пруссия жерін азат ету үшін болған шайқастардың бірінде хабарсыз кеткен деген мұрағат құжаты сақталыпты.

Қамаш Бекмұхамедов «Қызыл жұлдыз» орденін бүгінде Кубановка аталатын Горокупенен елді мекенін жау әскерінен азат ету шайқасында көрсеткен жанқияр ерлігі үшін алыпты. Жауынгер 1917 жылы Еңбекшілдер ауданында ауыл молдасының отбасында дүниеге келген. Кейін отбасы Ерейментау ауданының Өлеңті ауылына қоныс аударған. Осы ауылда анасы ұлын сарғайған сары үмітпен күте-күте 1975 жылы дүниеден озыпты.