Алматыда қажетті энергиясын өзі өндіретін кеңсе ашылды

Экологиялық офис Жамбыл мен Жароков көшелерінің қиылысындағы жалпы ауданы 1 200 шаршы метр болатын алты қабатты ғимаратта орналасқан.

Кеңседе тек баламалы энергия көздері ғана жұмыс істейді. Тапсырыс беруші компания директоры Максим Барышевтің айтуынша, дәстүрлі кеңсе салғанда ай сайынғы коммуналдық төлем айына 350 мың теңге болар еді. Ал жасыл технологиялардың арқасында коммуналдық төлем көлемі бар болғаны айына 70 мың теңгеге түсіп отыр. Ғимарат қажетті энергияның 80 пайызын өзі өндіреді.

Ғимараттың төбесіне 20 күн панелі қойылған. Әрқайсысының қуаттылығы 300 Вт. Сонымен қатар, ғимаратта суды қайта айналдыру жүйесі бар. Су арнайы резервуарға жиналып, тазаланып, қайта пайдаланылады.

Құрылысқа жалпы құны 280 миллион теңге кеткен. Ғимарат шығыны 7 жылда өзін өзі ақтап алады деп күтілуде.

Сонымен қатар, ғимараттың көлік тұрағында электрокөліктерге арналған қуаттағыш құрылғылар бар. Үстелдегі ноутбуктер де энергияны аз тұтынады.

Айта кетейік, жобаның архитекторлары — қазақстандық мамандар.

ДереккөзNaryk.kz