Головкин Майқұдықта балалар спорт кешенін салдыртпақ

Кездесу барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қоғамдық сананы жаңғырту, соның ішінде «Туған жер» бағдарламасы туралы айтып берді.

«Президент «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде «Туған жер» бағдарламасын жариялаған болатын. Ол бизнесмендер мен табысты адамдарды туған жерлерін көркейтуге үндейді. Біреу мектеп салса, біреудің аулаларды жөндеп беруге мүмкіндігі бар екенін айтты. Көпшілік тарапынан бұл іс қолдау тапты», – деді облыс әкімі.

Боксшы өзінің де осындай игі істен тыс қалмайтындығын жеткізді.

«Бұл — өте тамаша бастама. Мен де бұл бағдарламаны қолдаймын. Өзім тұрған аулада балалар ойнайтын спорттық кешен салып беремін. Президентіміздің осы игі ісіне толықтай қосыламын. Майқұдықтағы 14 шағын ауданда келесі аптада балаларға арналған жаңа спорттық алаң ашылатын болады», — деді Геннадий Головкин.

Еске сала кетейік, кеше, 7 маусым күні Майқұдықта Геннадий Головкин атындағы спорттық кешен ашылды. Мұнда балалар тегін жаттығатын болады.

ДереккөзInform.kz