Алматылық журналистер арасында байқау жарияланды

«Бүгінгі таңда діни радикализм, экстремизм мен терроризм жер жаһанды қатты алаңдатып отыр. Әлемді дүрліктіріп жатқан оқиғалар оған нақты мысал. Өкінішке орай, мұндай келеңсіздіктермен кейінгі жылдары біз де бетпе-бет келе бастадық. Оның басты себебі — кейбір қоғам мүшелерінің қолжетімді ақпараттарды сараптай білмеуінде жатса керек. Өйткені, діни және құқықтық тұрғыдан сауаттылығы жетіспеген адамның кез келген діни бастамаға сауатты түрде қарай алмайды. Осының салдарынан теріс ағымның жетегінде кеткенін білмейтін, өз ұлттық табиғатына қарсы шыққанын сезінбейтін, жалпымемлекеттік қағидаттарға қайшы келетінін ұғынбайтын, жалпыадамзаттық игіліктерді мойындамайтын ойы оқшау азаматтар мен топтар пайда болып, қоғамның берекесін қашыра бастағаны белгілі. Діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу үшін қоғамдық деңгейде профилактикалық жұмыстар аса қажет», — делінген орталықтың ресми хабарламасында.

Осыған орай, ағымдағы жылы 1 маусым мен 1 қазан аралығында дін тақырыбында жазылған үздік шығармалар байқауы жарияланып отыр. Жеңімпаздарды марапаттау 18 қазан — ҚР Рухани келісім күні мерекесі қарсаңында өтеді. Жүлденің жалпы қоры — 1 000 000 теңге.

Байқау бірнеше аталым  бойынша өтеді. Ол —  «Үздік әлеуметтік бейнеролик», «Үздік теле бағдарлама», «Үздік радио бағдарлама», «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік материал», «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік материал», «Мерзімдік басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала», «Мерзімдік басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала», «Үздік интернет желі», «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» және «Ең белсенді блогер».

Басты талап — Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету.

Байқауға қатысушылар Ұйымдастыру комитетіне жолдауы тиіс. Мекен-жайы: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71-үй, ҚазҰУ-дың журналистика факультеті, №218 бөлме, байланыс телефоны: 87775654078.

Мынадай құжаттарды қоса жіберілуі тиіс:

1) журналист туралы ақпарат:

— автор туралы мағлұмат /туған жері, күні, айы, жылы, телефон;

— жұмыс істейтін БАҚ анықтамасы.

2) байқау материалы жарияланған газет-журналдың түпнұсқасы, сайттағы материал скриншотпен және қағаздық нұсқасы, теле-радио бағдарламалардың DVD, CD форматындағы дискілерге жазылған нұсқасы (қағазға түсірілген нұсқасымен бірге).