Астанада полиция қызметкерлері Telegram арқылы синтетикалық есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарды деген күдікпен 40 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, тінту барысында төрт келіден астам α-PVP мен мефедрон тәркіленді.
«Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Астана қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті Telegram мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарған. Тінту жүргізу кезінде, сонымен қатар бұған дейін дайындалған жасырын орындарды тексеру барысында орау материалдары, zip-lock пакеттері және төрт келіден астам синтетикалық есірткі — α-PVP мен мефедрон тәркіленді, — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, бұл Астананың аумағына таралуы мүмкін болған 12 мыңнан астам бір реттік доза.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов заңсыз айналымнан алынған әрбір есірткі партиясы көптеген қылмыстың алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалуға ықпал ететінін атап өтті.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
