Орталық Азия одағын құруымыз керек — Мәулен Әшімбаев

Сараптамалық пікір алмасу барысында қатысушылар халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді, аймақтық қауіпсіздік саласындағы соңғы үдерістерді талқылайды.

Сонымен қатар маңызды сұрақтардың бірі – Орталық Азия аймағы елдерінің дамуы мен аймақтың әлеуметтік-мәдени жағынан қабылдануына сыртқы акторлардың ықпалы мәселесі де қарастырылады.

«Орта Азияда біраз қауіптер, мәселелер бар екені белгілі. Бірақ, сонымен қатар Орта Азияда қазіргі кезде қарым-қатынастарды күшейтуге, екі жақты, көпжақты қатынастарды дамытуға біраз мүмкіндіктер де бар. Сондықтан алдағы бірнеше жылдың көлемінде Орта Азиядағы қарым-қатынастарға біршама серпін беру керектігін айтқым келеді. Бұған барлық мүмкіндіктер бар. Оның сыртында Қазақстан Орта Азияның дамуына, тұрақтылығына, қауіпсіздігіне мүдделі болып отыр. Сондықтан да Қазақстан Орта Азияның дамуына біраз қаржы бөлуге де дайындығын көрсетті. Бұны халық дұрыс қабылдау керек. Себебі Орта Азиядағы тыныштық, қауіпсіздік Қазақстанда да өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Сондықтан Орта Азиядағы тыныштыққа Қазақстан да мүдделі» — дейді халықаралық конференцияның ашылу салтанатын жасаған ҚР Парламент мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Мәулен Сағатханұлы Орталық Азиядағы тұрақтылық үшін Қазақстан барлығына дайын екенін айтты.

«Орталық Азия дұрыс дамитын болса, ол Қазақстанның дұрыс дамуына өз әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар жасалуы керек. БҰҰ-дағы ҚК Тұрақты емес мүшелігіміздің аясында да Орта Азия негізгі басымдықтардың бірі ретінде аталғанын білесіздер. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ алаңында да Орталық Азиядағы жағдай, қауіптер, болашақта осыған байланысты не істеуге болады, қандай көмектер жасалынады т.б. қатарлы мәселелер көтеріп отыр. Сондықтан да бүгінгі конференцияның маңыздылығы зор» — дейді Мәулен Әшімбаев.

Конференция кезінде Мәулен Сағатханұлынан жалпы Орта Азиядағы трансшекаралық өзендер, Арал теңізі мәселелерінің шешімі жайлы сұраған едік.

«Орта Азиядағы трансшекаралық өзендерімізді пайдалану, солардың қорларын бірлесіп ақылдаса отырып пайдалану біздің негізгі басымдықтардың бірі. Осыған байланысты біраз жұмыстар жасалуы керек. Бұл мәселе Қазақстанның Орта Азиядағы негізгі түйінді мәселелерінің бірі. Ал Аралдың жағдайына байланысты да олар күш біріктіріп жұмыс жасаулары керек. Бұл мәселелер де бүгінгі конференцияда жан-жақты талқылнатын болады деп ойлаймын» — деді мәжіліс депутаты.

Ғылыми шара жұмысына Ауғанстанның, Иранның, Қытайдың, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның, Өзбекстан мен Қазақстанның жетекші сарапшылары, және де ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанда аккредитациядан өткен халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссия өкілдері қатысуда.

ДереккөзBaq.kz