Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Маңғыстауда Жеки Чанның жаңа фильмінің түсірілімі басталды

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі
Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Жеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, ауқымды жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асырып жатыр.

Қазір түсірілім тобы өңірдің ерекше табиғи ландшафттарында алғашқы көріністерді таспаға түсіріп жатыр. Фильмнің негізгі түсірілім орындарының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған. 7-12 маусым аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын шығармашылық топ жұмыс жүргізіп, фильмнің бірқатар эпизодтарын түсірген, — делінген хабарламада.

Маңғыстау облысы, Бозжыра шатқалы
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Жобаның жүзеге асуына қолдау көрсету мақсатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай түсірілім тобының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында кино және телевизия өндірісін дамыту, жастарға арналған сапалы медиаконтент қалыптастыру, сонымен қатар өңірдің туристік және мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Маңғыстаудың халықаралық деңгейдегі киножобаларды қабылдауға барлық мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Маңғыстау киноиндустриядағы ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны дәріптеуге және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауға дайынбыз. Мұндай жобалар өңірімізді әлемге танытуға мүмкіндік береді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Туризмге жаңа серпін

Мамандардың айтуынша, халықаралық киножобаның Маңғыстауда түсірілуі өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Фильмде өңірдің табиғи және тарихи нысандары көрсетіліп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендердің назарын Қазақстанға аударуы мүмкін.

Сонымен қатар жоба инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтіп, елдің халықаралық беделін нығайтуға оң әсер етеді деп күтіліп жатыр.

Фильм 2027 жылы көрерменге жол тартады

Түсірілім жұмыстары биыл толық аяқталады деп жоспарланған. Ал «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» фильмі 2027 жылғы ақпан айында әлемдік прокатқа шығуға тиіс.

Мақалаға реакция