Басты бет / Жаңалықтар /
итбалық
Фото: Маңғыстау облыстық экология департаменті

Каспийдегі итбалықтар неге қырылып жатыр? Комитет бірнеше себепті атады

Каспий теңізінің Ақтау маңындағы жағалауынан табылатын итбалықтардың жаппай қырылуына су астындағы жер сілкіністері себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтың айтуынша, мамандар жануарлардың қырылуына әсер етуі ықтимал бірнеше нұсқаны зерттеп жатыр. Олардың қатарында су астындағы жер сілкіністері, теңіз түбінен бөлінетін табиғи газдар және асфиксия бар.

Сонымен қатар комитет төрағасы қатты батыс желінің әсерінен Әзербайжан немесе Иран жағалауында қырылған итбалықтардың денелері Маңғыстау облысының жағалауына жетуі мүмкін екенін айтты.

Серік Сермағамбетовтың сөзіне қарағанда, Каспий теңізінің барлық акваториясында жыл сайын өлген итбалықтар анықталады. Алайда бүгінге дейін зерттелген жануарлардан жұқпалы ауру белгілері табылмаған.

Комитет мәліметінше, итбалықтардың ең көп қырылуы 2024 жылы тіркелген. Сол кезде жағалаудан шамамен 2 мың итбалықтың өлексесі табылған.

Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Ол өлген жануарларды дер кезінде жинауды және оларды есепке алуды көздейді. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтауда мемлекеттік табиғи резерват құрылып, өткен жылы қысқы кеме қатынасына шектеу енгізілді. Бұдан бөлек, балық аулау учаскелерінің шекарасы қайта қаралып, олар Каспий итбалығының негізгі көші-қон жолдарынан алыстатылды, — делінген хабарламада.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл жағалаудан табылған өлген итбалықтардың саны 235-ке дейін азайған.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram