Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

89 жастағы әже 20 жылдан кейін төркініне барды

Фото: zh.marall

Не болды?

89 жастағы Жолдыхан Қалиманова 20 жылдан кейін төркініне барып, туған-туыс, бауырларымен қауышты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Әженің жиен немересі Марал Жапарованың сөзіне қарағанда, нағашы әжесі 2006 жылдан бері, яғни араға 20 жыл салып, Қытайдағы төркініне барды. Марал әжесін төркініне апару үшін арнайы Ақтаудан Алматыға келген. Жолдыхан әже 1937 жылы Қытайда туған. Биыл жасы 89-ға келеді. 1959 жылы әже 22 жаста кезде туған ағасы екеуі шекара асып, Отанға оралған. Қазір Жолдыхан әже Жетісу облысындағы Үшарал қаласында тұрады. Ақжаулықты әженің 7 баласы, 16 немересі мен 43 шөбересі бар.

Әжемнің туған үш сіңлісі, екі інісі мен ата-анасы құжаты дұрыс болмағандықтан шекарадан өте алмай қалған. Әжем қазір көзі тірі бір інісі мен екі сіңлісіне барды. Әжемнің айтуы бойынша, сол заманда заң қатал еді. Бергі жақтағылар арғы жаққа, арғы жақтағылар бергі жаққа өте алмай, бір-бірінен ажырап кеткендер көп. 1987 жылы әжемнің анасы дүниеден озған кезде әжем мен ағасы екеуі жаназаға бара алмай қалды, — дейді Марал Жапарова.

Жолдыхан әже төркінінде
Фото Марал Жапарованың жеке архивінен

Жолдыхан әженің төркініне үшінші сапары

Содан соң 1989 жылы Маралдың атасы Мәскеу арқылы виза жасап, әжені туған жеріне, туыстарына апарған. Кейін 17 жылдан соң, яғни 2006 жылы Жолдыхан әже төркінін іздеп, өзі бір барып келген. Маралдың айтуынша, содан бері 20 жыл өтсе де, әженің жүрегіндегі сағыныш басылған емес. Туған бауырларын бір көруді армандап, сол күнді ұзақ күтіпті.

Жолдыхан әже төркінінде
Фото Марал Жапарованың жеке архивінен

Сағыныштың да өз жолы бар екен. Қытайға, туған жердің жұрты мен көптен бері көрмеген жақындарды қауыштыру үшін сағыныш сапарына аттануға бел буып отырмыз. Бұл — жылдар бойы күткен кездесу, жүрек күткен қауышу… Маған да бұл сапар өте маңызды. Өйткені кейінгі бірнеше жылда нағашы жұртыммен таныссам, көріссем деген ой көкейімде жүр еді, — деп жазды Марал Жапарова.

89 жастағы әже 20 жылдан кейін төркініне барды
Фото Марал Жапарованың жеке архивінен

«Жас кезде де, қартайған кезде де төркінге барып, қайту қиын екен»

Әлеуметтік желіде әженің төркініне барып, бауырларымен қауышқаны жайлы видеосына жұрт жарыса пікір жазып жатыр. Қадиша Айтжанова деген Тhreads қолданушысы баланың жөні бір бөлек, бауырдың жөні бір бөлек екенін айтты.

Тhreads
Фото: Тhreads скрині

Бақыт Тастанов деген желі қолданушысының сөзіне қарағанда, егде жасқа келген ақжаулықты әженің төркіндеп баруының мәні — бауырларына етім де, сүйегім де қайын жұртта қалады деп ескерту.

Тhreads
Фото: Тhreads скрині

Тағы бір Тhreads қолданушысының пікірінше, қыз үшін жас кезде де, қартайған кезде де төркініне барып, қимай-қимай қоштасу қиын екен.

Тhreads
Фото: Тhreads скрині

***

Тағы  оқыңыз:

Әже тәрбиесін көрген балада қандай артықшылықтар болады?