«New York Eurasian film festival» фестиваліне қатысатын отандық фильмдер

Шетелдік көрермендерге Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасы, Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба», Максим Қодаровтың «Куб» фильмдері және Ратмир Назаровтың «Пәтер жалдаушы қыз» туындысы ұсынылатын болады. Фильмдердің көрсетілімдері 16-18 маусым аралығында Нью-Йорктегі Maroney & Founder’s Hall театрында өтеді.

Нью-Йорк Еуразия кинофестивалі 2010 жылы Нью-Йорк тәуелсіз режиссерлар ұйымының бастамасымен ашылды. Мақсаты – Америка мен еуразиялық мемлекеттері арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамыту және нығайту. Орта есеппен, кинобайқауға қатысуға әлемнің 20 елінен 80-нен астам картиналар өтініш білдіреді екен.

Биылғы жылы отандық фильмдер Әзербайжан, Америка, Бразилия, Вьетнам, Қырғызстан, Түркия, Швеция, Оңтүстік Корея елдерінен келген жұмыстармен бәсекелеседі. Негізгі бағдарламаға 33 картина кірген. Олардың арасынан «Үздік толықметражды фильм», «Үздік қысқаметражды фильм», «Үздік режиссер», «Үздік кинооператор», «Үздік сценарий», «Үздік актриса», «Үздік актер» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады.

Айта кету керек, 2014 жылы режиссер Диана Жылкенованың «Momento Mori» атты жұмысы үздік деректі фильм деп танылған болатын. Ал ынталандыру сыйлығын Ольга Нагаеваның «Зейнеттегі Джульетта» ойнамалы қысқа метрі алған еді.

ДереккөзBrod.kz