Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша елде жанар-жағармай бағасында түрлі бағыттағы өзгерістер тіркелген. Атап айтқанда, АИ-95 маркалы бензиннің орташа бөлшек бағасы бір ай ішінде 1,3%-ға өсіп, литрі 308 теңгеге жеткен. Ал АИ-98 бензині 3,7%-ға қымбаттап, 334 теңгені құрады.
Сонымен қатар, ең көп тұтынылатын АИ-92 бензині керісінше аздап арзандаған. Оның бағасы 0,4%-ға төмендеп, литрі 235 теңге деңгейінде қалыптасты. Жазғы дизель отынының бағасы өзгеріссіз қалып, шамамен 330 теңге болды.
Жалпы алғанда, сарапшылар қымбаттаудың негізгі себебін жоғары октанды бензин түрлеріне сұраныстың артуымен және олардың бағасының нарықтық негізде қалыптасуымен байланыстырады. Айта кетейік, қазіргі таңда АИ-95 пен АИ-98 бағасы еркін нарықта белгіленеді.
Ал АИ-92 бензині мен жазғы дизель отынына қатысты мемлекеттік реттеу сақталып отыр. 2025 жылдың қазан айынан бастап бұл жанармай түрлерінің бағасына мораторий енгізілген. Сондықтан олардың құны айтарлықтай өзгермей, тұрақты деңгейде ұсталып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта да жоғары октанды бензин бағасы нарықтағы жағдайға байланысты құбылып отыруы мүмкін. Ал әлеуметтік маңызы бар жанармай түрлерінің бағасы мемлекет бақылауында қала береді.
