Елордалық депутаттар қаланы абаттандыру мәселесін талқылады

Мәслихат депутаттары қаланың бас жоспарының болашақтағы жобаларымен танысты. Астана қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша бас жоспарды құрастырушылар ықшамдалған, орнықты қала тұрғызуға бағытталған жоспар ұсынды. Болашақта Елорданың инженерлік және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымын одан әрі дамыту, жаяу жүргіншілер мен велосипед тебушілерге арналған жекелеген жолдар салу қарастырылуда. Қаланы жасылдандыру мен жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына да айрықша басымдық берілмек.

— Қаланың барлық аумағы, яғни, құрылыс нысандары мен Есіл өзені іргесінің арасы жасыл желекке оранған. Құрылыс аумақтары жасыл дәлізбен астасып жатыр. Осылайша, қала орталығына дейін жетіп, орманды алқапқа айналуда. Қаланың қай жағынан қарасаңыз да осындай көрініс, — деді Қайрат Қожамжаров.

Астана қаласының бас жоспарын жүзеге асыру аясында орташа мерзімді жоспар бойынша «Жастар» сарайы, қазақ және орыс драма театрлары, жекпе-жек күрес сарайы, ботаникалық бақ сынды бірқатар жаңа нысандарды жобалап, тұрғызу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Астанада бірнеше құрылыс жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Олар — Мыңжылдықтар аллеясы, Мәңгілік ел даңғылы және т.б.

Қала құрылысының келесі кезеңі толық жобаланған жоспар құру. Жобалау 4 886 га аумақты қамтитын 18 жобадан тұрады әрі мемлекеттік сатып алу аясында қаржыландырылады. Қалған 714 га аумақтағы 62 жобаны жүзеге асыру үшін инвесторлар тартылмақ.

Басқа да бірқатар жобалар бар. Солардың ішінде халықты қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз ету мәселесін жүйелендіру жұмысы қолға алынбақ. Жоспарға сай, қала аумағы 129 жоспарланған секторға бөлініп, 35 нысан тұрғызылатын болады. Бұл ретте қалада спорттық аумақтар, балалардың ойын алаңдары, дәмхана, мейрамхана, сауда павильондарының тым көптігін есепке ала отырып, жобалаушылар қала кеңістігін тарылтып алмау тұжырымдамасына басымдық беруде. Сондай-ақ, көлік кептелісі мәселесін шешу жолдары да басты жоспарда. Бұл бағыттағы жұмыс жеке автомобиль көліктері үшін қозғалыс жолақтарын азайту есебінен жүргізілмек.

Ауладағы қауіпсіздік мәселесі де талқыланды. Жасанды қоршаулар арқылы көлікті апатты жағдайда қойып кету жағдайларын жою қарастырылуда. Жиын соңында алдағы комиссия отырысында абаттандыру ережелерін өзгерту мәселесін қарастыру шешімі қабылданды. Осылайша аулаларға шлагбаум орнатуға рұқсат алу көзделіп отыр.