Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні атап өтіліп жатыр. Осыған орай премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала қызметкерлері мен оқырмандарды мерекемен құттықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрдің айтуынша, кітап оқуды қолдау – тек білімге инвестиция ғана емес, ойлы әрі жауапты ұлт қалыптастыруға қосылған үлес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кітаптың қоғам дамуындағы маңызын үнемі атап өтеді. Оның сөзіне қарағанда, кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болып қалыптасады. Бүгінде елімізде 12 мыңға жуық кітапхана бар, онда 20 мыңға тарта маман еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда кітапханалар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрон ресурстарды дамытып жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейген, — деді Аида Балаева.
Кейінгі деректер бойынша, электрон кітапхана пайдаланушыларының саны 30% артып, 718 мың адамға жеткен. Ал кейінгі бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан асып, электрон форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асқан.
Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс айтарлықтай өскен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 75% артса, қазақ тіліне аударылған классикалық және әлем әдебиетіне қызығушылық 50% көбейген. ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық кітап күніне орай ел көлемінде онкүндік ұйымдастырған. Оның аясында 100 мыңға жуық мәдени-ағартушылық іс-шара өтіп жатыр. Сонымен қатар түрлі алаңда кітап оқуды насихаттайтын 10 мыңға жуық материал жарияланған. Кітапхана ісін дамыту бағытында да жұмыстар жалғасып жатыр. Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында жаңа президент кітапханаларын салу жоспарланған. Бұған қоса, 36 кітапхана жаңғыртылып, 2026 жылы тағы 30 нысанды жаңарту көзделіп отыр, — деді Аида Балаева.
Бір айта кетерлігі, елордада өтіп жатқан Astana Eurasian Book Fair – 2026 аясында «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары анықталады.
Министр барлық кітапханашыны, жазушыны, баспагер мен оқырманды мерекемен құттықтап, кітаптың қоғамдағы рөлі әрдайым жоғары екенін атап өтті.
