Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Балаға қазақша контент ұсынатын Топ-3 УouTube-арна

Фото: Жасанды интеллект
Ата-аналар баланың қиялын дамытып, ойлау қабілеті мен танымын арттыру үшін түрлі мультхикая көрсетеді. Қазір қазақ тіліндегі балалар контенті қарқынды дамып жатыр. Осы ретте Baribar.kz балаларға сапалы контент ұсынып жүрген УouTube-арналарды тізіп шықты.

Балаларға арналған қазақша танымдық жоба

Balafunny | 50+ минут әндер жинағы | Балаларға арналған әндер

Balafunny арнасы 2022 жылғы күзден бастап істеп келеді. Осы төрт жылда мыңнан аса видео жарияланған. Қазір 602 мыңнан астам оқырманы бар. Бастапқыда арна көрермені үш-бес жастағы бүлдіршіндер болса, қазір жоба авторлары 14 жасқа дейінгі балаларға да контент жасайды. Осы жоба негізінде ашылған Bala Funny Kids вокал мектебінде 4-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірмелер бар. Балалар шығармашылық байқаулар мен кәсіби түсірілімдерге қатыса алады.

Әлем елдерінің туы мен астанасын үйрететін арна

Баю бай! Балаларға арналған қазақша әлди | Бесік жыры

Томпи арнасы ұсынған контентті көру баланың сауатты, білімді болуына ықпал етеді. Бұл арна 2021 жылы ашылған. Қазір 70 мыңға жуық оқырманы мен 62 видеосы бар. Тәрбиелік мәні бар ертегілер мен мульфильмдерді көрген бала жақсы мен жаманды ажырата біледі. Қауіпсіздік ережесімен танысып, сурет салуды меңгеруге болады. Бала дыбыс пен визуал қосындысын жылдам қабылдайды. Сондықтан арна авторы әр елдің астанасын атап, туын көрсетіп, арнайы видео жасаған.

Интерактив форматта контент жасайтын арна

Балаларға ертегі | Қасқыр мен жеті лақ | Қазақша үйрену дамыту 2–3 жас

Zerek bala арнасының контентін көрген баланың ойлау қабілеті артып, зерек әрі тапқыр бола бастайды. Арна 2014 жылы ашылған. Қазір 47 мыңнан астам оқырманы бар. Шамамен, 200-ге жуық видео жарияланған. Мультфильм, ойын, ертегі мен сөз жинағы интерактив форматта жасалған. Zerek bala-мен бірге балалар жабайы жануарлар мен үй жануарларын танып, сөзді буынға бөліп оқуды үйреніп, викторина мен ребус шешеді. Жануарлардың дауысы дыбысталған мобайл қолданбасын жүктеп алуға болады.