Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

3,5 мың бала — қылмыс құрбаны. Бейбіт заманның балаларын кімнен және неден қорғау керек?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Халықаралық балаларды қорғау күні соғыс жылдары үйінен, отбасынан айырылған балаларды қорғап, қолдау үшін бекітілген еді. Жұрт бұл мерекені Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірнеше жыл өткен соң атап өте бастады. Кейін мерекенің мәні бейбіт замандағы балалардың денсаулығы мен білім алуына көңіл бөліп, физикалық, психологиялық, зорлық пен әлімжеттіктен қорғауға бағытталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Finprom.kz балаларды әлемдегі саяси ахуал, экономикалық дағдарыс, кедейлік пен індеттен бөлек, кімнен және неден қорғау керек екенін тізіп шықты.

199 суицид: ең алдымен баланы өзінен қорғау керек

Қауіпсіздік мәселесі тек кішкентай балаларға қатысты емес. Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер де кейде эмоцияға тез беріліп, ойланбай әрекет етіп, жазатайым жағдайға тап болады.

Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, былтыр Қазақстанда 179,6 мыңнан астам кәмелет жасқа толмаған балалар жарақат алу, улану мен басқа да қауіпті жағдайдан зардап шеккен. Оның ішінде 138,3 мыңы — 14 жасқа дейінгі балалар, ал шамамен 41,3 мыңы — 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жазатайым жағдайға тап болған балалар 2,8% азайып, жасөспірімдер 1,7% көбейген.

finprom.kz
Фото: Finprom.kz

Жасөспірімдердің басым бөлігі құбылмалы мінез-құлық пен суицид жайлы ойын жасыруға тырысады. Мұндайда ересектер баланың жағдайын елеп-ескеріп, ішкі жай-күйін түсінуге тиіс. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегі бойынша, елімізде биылғы қаңтар-сәуір айларында 74 бала өзіне қол жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен шамалас болып тұр. Жалпы 2025 жылы 199 бала (жасөспірімдерді қоса алғанда) суицид жасаған, ал өзіне қол жұмсауға тырысқан балалар саны — 405.

3,5 мың бала қылмыс құрбаны болған

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметіне қарағанда, биылғы қаңтар-сәуір аралығында шамамен 1,5 мың, ал былтыр 3,5 мың бала қылмыстық құқық бұзудың құрбаны болған. Былтырғы және биылғы төрт айдағы көрсеткіш 5,7% артқан.

finprom
Фото: Finprom.kz

Ата-аналар, қоғам мен мемлекет кәмелет жасқа толмаған балаларды қорғауға тиіс. Сондықтан қылмыс құрбаны болған бала үшін жауапкершілікті ересектер арқалайды. Мәселен, былтыр 543 бала соққыға жығылған, ал 480-нен астам баланың денсаулығына зиян келген. Жыныстық қол сұғуға тап болғандар саны — 700-ден астам. Соның салдарынан 17 бала жыныстық ауруларды, екі бала адам иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған. Былтыр адам саудасы арқылы 29 бала ұрланып, бес бала жоғалған, ал үш баланың бостандығы шектелген.

«Балалар ренішті тез ұмытады»

Бала бөтен адамдардан бөлек, өз отбасында зорлық пен қысымға ұшырауы мүмкін. Алайда балаларға қатысты қылмыс ата-ана мен қамқоршы тарапынан жасалғаны туралы нақты дерек жоқ. Қазақстандағы қоғамдық даму институтының 2025 жылғы тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы зерттеуі бойынша, бала кезінде зорлық-зомбылық көрген адамдардың басым бөлігі (13–15%) «балалар ренішті тез ұмытады» деп санайды. Сауалнамаға жауап бергендердің 8%-ы ата-аналардың тәрбие беру үшін күш қолданатынын және оны ақтауға, кешіруге болатынын айтты. 60,5% адамның пікірінше, зорлық-зомбылықты мүлдем ақтауға болмайды.

***

Тағы оқыңыз:

Зорлық-зомбылық, буллиң: енді балаларға қатысты істер жедел қаралады

Дереккөз: Finprom.kz