Зейнетақы қорынан Әзірбайжан банкіне берілген ақша бақылауда болады – Бақытжан Сағынтаев

Бүгін Үкімет отырысында осы мәселеге қозғалды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев зейнетақы қорының негізгі меншік иесі мемлекет екендігін айта келе, шетелге инвестицияланған қаржыға мемлекет кепілдік беретінін айтты.

«ҚР зейнетақымен қамтамасыздандыру туралы» заңына сәйкес «БЖЗҚ» АҚ Үкіметке тиесілі. Сондықтан мемлекет салымшылардың зейнетақы жарнасына кепілдік береді. Осы мәселеге қатысты Үкімет Қазақстан азаматтарының зейнетақы активтерінің қауіпсіз болуына тікелей мүдделі. Үкімет өзінің арнайы өкілдерін тағайындады. Яғни Премьер-министрдің өкілі. Мен өзім әзербайжандық әріптесім әрі премьер-министрмен сөйлестім. Ол маған банкінің барлық кредиторларына ақшаны қайтаруы үшін барлық жағынан қолдау көрсететіндігін жеткізді», — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа Әзербайжанның қаржы министрімен аталмыш мәселе жөнінде сөйлесуді тапсырған.

Өз кезегінде Қаржы министрі қазіргі таңда Халықаралық Әзербайжан банкіне берілген 250 млн доллардың 50 млн доллары қайтарылғанын айтты.

«Бақытжан Әбдірұлы, 2014 жылдың қазанында БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері потрфелінен Әзербайжанның халықаралық банкіне 250 млн долларға құнды қағаздар сатып алынды. Қолданыстағы мерзімі 10 жыл. Купондық мөлшерлемесі 8,25%. Инвестицияға жұмсалған қаражаттың сол уақыттағы мөлшері 45 млрд теңгені құраған. Ұлттық банкінің мәліметіне сәйкес, 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін БЖЗҚ қосымша сыйақы ретінде Әзербайжанның халықаралық банкінен 15 млрд теңге көлемінде қаражат алды. Бұл инвестицияға жұмсалған қаражаттың үштен бір бөлігі. Бұл ақшаны доллармен есептегенде 52 млн долларды құрайды», — деді ол.

Сонымен қатар Қаржы министрі әзербайжандық әріптесімен сөйлескен. Оның түсіндіруінше, Әзербайжанның ұлттық валютасы манаттың құнсыздануына байланысты аталмыш халықаралық банк өз кредиторлары алдындағы міндетті орындай алмай отыр. Бұл сұрақ Әзербайжан үкіметінің қатаң бақылауында. Яғни Әзербайжан тарапы аталмыш Халықаралық банкі кредиторлары алдындағы қарызды өтеуі үшін барлық талапты қабылдайды.

ДереккөзBaq.kz