Павлодар облысында мемлекет қорғауындағы су ресурстарын заңсыз жеке меншікке беру әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтоғай ауданының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында су объектілері мен су қорғау аймақтары орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін конкурс арқылы беру кезінде заң талаптарының сақталмағаны анықталған.
Атап айтқанда, тұщы және тұзды көлдер, сонымен қатар тұз өндіруге пайдаланылатын су айдындары орналасқан үш жер учаскесі конкурсқа шығарылған. Алайда құжаттарды әзірлеу барысында мемлекеттік орган Су кодексінде көзделген міндетті рәсімдерді өткізбей, қажетті келісімдерді алмаған, — делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, бұл жағдай мүдделі тұлғаларға тек жер учаскелеріне ғана емес, жалпы аумағы 60 гектардан асатын ерекше маңызы бар су ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін еді.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде заңсыз өткізілген конкурс қорытындыларының күші жойылып, анықталған заң бұзушылықтар толықтай жойылды. Осылайша табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік мүдде қорғалды, — делінген хабарламада.
Қадағалау органы жіберілген заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
