Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әлеуметтік желіде терроризмді насихаттаған 13 адам сотталды

Бейтарап фото: Inforesist.org
Қазақстанда биыл сәуір-мамыр айларында террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, сотталғандардың бірі – Астана тұрғыны. Ол әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттап, айналасындағы адамдарды террористік белсенділік аймақтарына шығуға үгіттеген. Сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар Шымкент тумасы терроризм идеяларын таратып, Қазақстан аумағында теократиялық мемлекет құруға шақырғаны үшін жеті жылға сотталды.

ҰҚК дерегіне сәйкес, осы кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында терроризм мен экстремизмге қатысы бар деген күдікпен 11 адам ұсталған. Олардың арасында екі шетел азаматы және шетелден экстрадицияланған үш Қазақстан азаматы бар.

Олар интернет желісінде және өз ортасында экстремистік материалдарды таратып, террористік белсенділік аймақтарына шығуға, сонымен бірге өздерінің көзқарастарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылық жасауға шақырды деген күдікке ілінді, – делінген хабарламада.

Қазір аталған фактілер бойынша қылмыстық кодекстің тиісті баптары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Мақалаға реакция