Не болды?
Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында Ресейден әкелінген төрт жолбарысқа ресми түрде есім берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Қазақстан мен Ресей мамандарының ортақ шешімімен жануарларға екі елдің ынтымақтастығын және жобаның Орталық әрі Шығыс Азия табиғатымен тарихи байланысын бейнелейтін атаулар таңдалған. Аталық жолбарысқа Амур, аналығына Үміт, еркек күшікке Тұран, ал ұрғашы күшікке Уссури деген есім қойылды.
Қазір жолбарыстар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы арнайы дайындалған вольерлерде. Олар мамандар мен ветеринарлардың тұрақты бақылауында болып, жаңа ортаға бейімделіп жатыр. Мамандардың мәліметінше, жануарлардың жағдайы тұрақты және олар жергілікті климатқа үйренісіп қалды.
Жолбарыстар толық бейімделіп, жағдайы жан-жақты бағаланғаннан кейін оларды табиғи ортаға жіберу жоспарда бар. Оған дейін спутниктік қарғыбаулар тағылып, олардың қозғалысын қашықтан бақылау мүмкіндігі болады. Бұл мамандарға жануарлардың қауіпсіздігін қадағалап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Контекст
Естеріңізге салайық, Ресейден Қазақстанға жолбарыс әкелу мәселесі былтыр Тоқаевтың Мәскеуге сапары кезінде қозғалды.
