Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«30 млрд теңге бөлінді, қайтарымы мардымсыз». Мәжілісте кино саласы сынға ұшырады

Иллюстрация: Кinometro.ru

Не болды?

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мемлекет қаржыландырған фильмдердің экономикаға әкелетін пайдасына қатысты мәселе көтерді. Кейінгі бес-алты жылда кино өндірісіне бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенімен, шығын толық өтелмеген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Депутат жоғары аудиторлық палатаның дерегіне сүйеніп, мемлекет қолдауымен түсірілген фильмнің басым бөлігі прокатқа шықпағанын айтты. Салынған қаражаттың небәрі 1,5-3%-ы ғана мемлекет бюджетіне қайтарылған.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов кино өндірісіндегі негізгі мақсат пайда табу емес екенін мәлімдеді.

Мемлекет қолдауымен түсірілетін фильмнің басты міндеті – ұлттық құндылықты дәріптеу, отаншыл болуға үйрету және ортақ идеология қалыптастыру. Сондықтан коммерциялық табыс мәселесі екінші орында тұр, – дейді Қанат Ысқақов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 2025 жылы қолға алынған жобаның ешбірі әлі прокатқа шықпаған. Сондықтан олардың табысы туралы нақты қорытынды жасауға ерте.

Алайда Дәулет Мұқаев көп фильмнің көрерменге жетпей, мұрағатта қалып қоятынын да айтты. Қанат Ысқақов барлық түсірілген туынды келер жылы прокатқа шығып, көпшілік назарына ұсынылатынын жеткізді.

Бұған дейін «Қазақфильм» киностудиясы бюджеттен бөлінген 1,3 миллиард теңгеге 47 анимациялық фильм түсіргені белгілі болды. Дегенмен дайын туындылар кинотеатрда көрсетілмеген.

Контекст

Естеріңізге салайық, Шоқан Уәлихан жайлы фильмге түсетін актерлар белгілі болды.

Мақалаға реакция