Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Барлық шығынды өзім төледім». Бибісара Асаубаева президенттен көмек сұрады

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Не болды?

Халықаралық гроссмейстер, әлемдік рейтиңнің үздік бестігіне кіретін шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде жазба жариялады. Жазбасында шахматшы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.  Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Спортшы Норвегияда өткен халықаралық турнирде мерзімінен бұрын чемпион атанғанын хабарлап, жарысқа дайындық кезінде мемлекеттен қолдаудың жеткіліксіз болғанын айтты. Оқу-жаттығу жиындары мен жарысқа дайындық шығыны өзінің жүлде қорынан және ата-анасының қаражаты есебінен жабылған. Турнир барысында жұмыс істеген мамандар мен секунданттардың еңбекақысы әлі төленбеген.

Сонымен қатар шахматшы спортшыларға берілетін сыйақы көлеміндегі айырмашылық жайында да айтты.

Шахматтан әлем чемпионы атанған спортшыға 2 мың доллар көлемінде ғана сыйақы қарастырылса, олимпиада жүлдегерлеріне берілетін төлем көлемі 250 мың доллар, — дейді шахматшы.

Бибісара Асаубаева Қазақстанда шахматтан әлем чемпионы атанған спортшылардың өте аз екенін айтып, бұл бағытқа қолдау жетпейтініне алаңдаулы екенін жеткізді.

Сонымен қатар былтыр желтоқсанда президент жарлығымен өзіне II дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін еске салды. Алайда спортшының айтуынша, марапатты алу үшін Астанаға бірнеше рет барғанымен, жоспарланған кездесу кейінге шегеріліп, орден әлі күнге дейін қолына жетпеген.

E-Otinish платформасы арқылы президент әкімшілігіне бірнеше мәрте өтініш жіберілді. Хаттардың көшірмесі министрдің жеке байланыс арналарына да жолданды. Дегенмен әзірге ешқандай жауап алмадым, — дейді Асаубаева.

Алда маңызды халықаралық жарыстар күтіп тұрғанын айтқан спортшы мемлекет басшысынан көмек сұрап, жағдайға назар аударуын өтінді.

Бұл мәселеге қатысты туризм және спорт министрлігі әзірше ресми түсініктеме берген жоқ.

Контекст

Естеріңізге салайық, Бибісара Асаубаева әлемнің үздік шахматшысы болды. Қазақстандық шахматшы FIDE Women’s Circuit 2026–2027 рейтиңінде бірінші орынға көтерілді.

Мақалаға реакция