Не болды?
Кембридж университетінің зерттеушілері жасанды интеллект арқылы алғаш рет екпе жасады. Қазір екпені адамдарға егіп, сынақтан өткізіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мedical xpress басылымының мәліметі бойынша, бұл бастаманың мақсаты — бір вакцина арқылы бірнеше вирустан және жануарлардан жұғатын аурудан сақтану. Дәстүрлі екпе бір вирусқа ғана қарсы иммундық жүйе қалыптастырады. Алайда вирустар үнемі өзгеріп отырады. Өзгеріс артқан сайын екпе тиімсіз болады.
Жасанды интеллект бұл мәселені басқа тәсіл арқылы шешуге мүмкіндік береді. ЖИ мыңдаған ұқсас вирустардың генетикалық дерегін талдап, уақыт өте өзгермейтін тұрақты бөліктерін анықтайды. Егер екпе сол тұрақты элементтерге қарсы бағытталса, тұтас вирус тобына қарсы әсер ете алады. Кембридж ғалымдары SARS, COVID-19 бен жануарлардағы вирустарды зерттеп, барлығына ортақ, еш өзгермейтін белгілерін анықтады. Сол белгі вакцинаның негізіне айналды.
Инесіз екпе алуға болады
Бұл екпенің ерекшелігі инесіз адам бойына енеді. Жоғары қысымдағы сұйық препарат тері арқылы ішкі ағзаға түседә. Бұл тәсіл ауырсынуды азайтады. Дегенмен зерттеу әлі аяқталған жоқ. Әзірге екпе алған адамдардың иммунды жауабы орташа болып тұр.
Контекст
Естеріңізге салайық, жаңа қаулы бойынша, қызылша анықталса, сол мекемеде екпе алмаған балалар балабақша мен мектепке бара алмайды.
