Тұрғын үй маңындағы қоқыс жәшігінің әркез толып тұруы, уақытында жиналмауы және жағымсыз иіс шығуы — таныс жағдай. Үлкен контейнерлер лық толып, қоқыс аулаға шашылып жатады. Бұл мәселеге кім жауапты?
Baribar.kz қоқыс қаншалық жиі шығарылуға тиіс және қоқыс жиналмаса кімге шағым айту керек екенін анықтап көрді.
Қоқыс шығару үшін бірыңғай кесте бар ма?
Кrisha.kz мәліметінше, қоқыс жәшігі мен қоқыс контейнерін жинауға қатысты ел бойынша ортақ кесте жоқ. Қоқыс шығару уақытын жергілікті әкімдіктер бекітеді. Сондықтан әр қалада, ауданда, тіпті көршілес шағын аудандардың өзінде қоқыс әртүрлі уақытта шығарылуы мүмкін. Қоқысты тасымалдауға мердігер компания жауапты. Олар кестеде бекітілген уақытта контейнерді және аумағын тазалауға міндетті.
Қоқыс қаншалық жиі шығарылады?
Әдетте тұрғын үй аумағында жұрт күн сайын қоқыс шығарады. Кей жағдайда контейнерлер тез толып, қоқыс таситын көліктер күніне бірнеше рет келеді. Ал жеке жер үйлерде ортақ қоқыс контейнері болмауы мүмкін. Тұрғындар қоқысты аптасына бір рет белгіленген күні далаға шығарып, жәшікке салады. Содан соң арнайы көлік қоқысты кесте бойынша алып кетеді.
Қандай жағдайда шағымдану керек?
Егер қоқыс жәшігі, контейнерлер бірнеше күн бойы толып тұрса, сол аумақта қоқыс шашылып, сыртына жинала бастаса, бұл жағдай жиі қайталанса, дереу шағым айтқан жөн.
Кімге шағым айтуға болады?
Мәселені кезең-кезеңімен шешкен дұрыс. Алдымен пәтер иелерінің кооперативіне (КСК), мүлік иелерінің бірлестігіне (ОСИ) немесе басқарушы компанияға хабарласыңыз. Олар мердігермен байланысып, мәселенің себебін анықтауға тиіс. Қоқыс шығаратын компанияға өзіңіз де қоңырау шалсаңыз болады. Жауапты компанияның байланыс нөмірі коммуналдық төлем түбіртегінде көрсетіледі.
Егер мәселе шешілмесе, аудан әкімдігіне e-Otinish қолданбасы арқылы шағым жолдаңыз. Бұл — мемлекеттік органдардан ресми жауап алудың заңды жолы.
Ауладағы контейнерлер жиі толып тұрса, тұрғындар қоқыс шығару жиілігін арттырып, қосымша контейнер орнатуды талап етуге құқылы.
Қоқыс неге жиі жиналып қалады?
Бұл мәселеге әрдайым мердігер кінәлі бола бермейді. Кейде контейнер саны мен тұрғындар саны сай келмеуі мүмкін. Тағы бір себебі — ауладағы көліктер. Егер аулада көлік көп болғандықтан қоқыс таситын жүк көлігі қоқыс аумағына келе алмаса, қоқыс шығару кейінге қалады. Құрылыс қалдықтары көп болғандықтан да қоқыс көбейеді. Жөндеу жұмысынан кейін контейнер маңында ескі есік, терезе, сантехника бөліктері, жиһаз бен құрылыс қалдықтары жиналып қалады.
Құрылыс қалдықтарын контейнер жанына тастауға бола ма?
Негізі құрылыс қалдықтарын қоқыс жәшігіне, қоқыс контейнеріне тастауға болмайды. Мұндай үлкен заттарды контейнерге тастау — заңбұзу әрекеті. Тұрғындар осы әрекеті үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл төлейді. Ірі көлемдегі қоқысты шығару үшін арнайы компанияға жеке тапсырыс беру қажет.
