Алдағы бірнеше жыл ішінде Қазақстанның 11 өңірінде халықаралық стандарттарға сай 24 қонақүй салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа қонақүйлер жеке инвесторлардың қаражаты есебінен бой көтереді. Жобаларды іске асыруға мемлекет жеңілдетілген несие беру және инвестициялық преференциялар арқылы қолдау көрсетеді.
Жоспарланған нысандар қатарында халықаралық қонақүй брендтерінің жобалары бар. Атап айтқанда, Қонаев қаласында Hilton және Marriott желілерінің қонақүйлері, Павлодар қаласында Novotel, Қостанай қаласында Courtyard by Marriott, Қызылорда қаласында Rixos қонақүйі салынады. Сонымен қатар Алматы қаласында Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu секілді халықаралық деңгейдегі қонақ үй нысандары ашылады, — делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, бұл жобалар туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және шетелдік туристер санын көбейтуге бағытталған.
