Қоғамдық көлікте аяқты шамадан тыс керіп отыру — көпшілікке таныс көрініс. Біреулер мұны ерлердің анатомиялық ерекшелігімен байланыстырса, енді бірі өзгеге құрметсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісі дейді. Кейінгі жылдары әлемде «мәнспредиң» ұғымы кең талқыланып, қоғамдық кеңістіктегі этика мәселесіне айналды.
Baribar.kz тілшісі мәнспредиң деген терминнің қалай пайда болғанын және осы жайлы қоғамдағы әртүрлі көзқарасты талдап көрді.
Мәнспредиң термині 2015 жылы пайда болған
Мәнспредиң (manspreading) — қоғамдық көлікте адамның аяғын кең ашып отырып, өзге жолаушыға кедергі келтіру. Термин 2015 жылы Oxford сөздігіне енген. 2014-2018 жылдары, яғни 12 жыл бұрын жұрт мәнспредиң мәселесін ортаға салып, оны шетелдік басылымдар белсенді түрде жаза бастаған.
«Жігітім, аяғыңды жинап отыршы, өтініш!»
Қоғамдық көлікте аяғын шамадан тыс созып отыратындар арасында ерлер жиі кездеседі. Осы мәселеге байланысты бірқатар елде арнайы ақпараттық науқандар да жүргізілген. The New York Times басылымының мәліметінше, 2014 жылы Нию-Йорк метросындағы ер адамдардың орындықта аяғын кең ашып отыруы әлеуметтік желілерде қызу талқыланған. Осыдан кейін қалалық көлік басқармасы жолаушыларды қоғамдық кеңістікті құрметтеуге шақырып, метро вагондарына «Жігітім, аяғыңды жинап отыршы, өтініш!» (Dude, stop the spread, please!) деген жазуы бар ескерту белгілерін ілген.

Ал Сиетл қаласының көлік басқармасы жұртты қоғамдық көлікте әдеп сақтауға шақыру үшін орындыққа еркін жайғасқан сегізаяқ пен әдепті, жинақы сегізаяқтың суретін жариялаған.

Мадрид тұрғындары петиция арқылы мәнспредиңге тыйым салған
The Guardian басылымының мәліметінше, 2017 жылы Испаниядағы Мадрид қаласында жолаушы қоғамдық кеңістікті бөлісу мәдениетін сақтап, өзгелердің жеке шекарасын құрметтеуі үшін қоғамдық көліктерге арнайы ескерту белгісі орнатылған. Бастапқыда Mujeres en Lucha деген феминистік ұйым #MadridSinManspreading хэштегімен әлеуметтік желіде петиция жариялаған еді. Олар 11 500-ден астам қол жинап, петицияда ер адам аяғын кең созып отыруы әйелдерге ыңғайсыз екенін жеткізді. Кейін қоғамдық көлікте отыру мәдениетіне қатысты белгі енгізуді талап етті. Белгіде аяғын ашып отырған адам бейнесі мен қызыл сызық арқылы мәнспредиңге тыйым салынатыны көрсетілген.

«Қоғамдық орында тәртіп сақтау адамның санасына байланысты»
Ақнұр Аман — Алматы тұрғыны, студент. Ол қоғамдық көлікте мәдениетсіз әрекетке бару немесе тәртіп сақтау адамның санасы мен тәрбиесіне байланысты деп есептейді.
Автобуста жанымда ер азамат аяғын созып отырса және ол маған ыңғайсыз болса, «аяғыңызды жинап отырыңыз» деп ескертемін. Дегенмен көбіне ашу-ызаға тез берілетін адамнан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Осы тұста неге қыздар мүлдем бұлай отырмайды деген ой туындайды. Көпшілік еркектің керіліп отыруын қалыпты деп ойлайды. Алайда автобуста әдепті болып отыру қарапайым мәдениет емес пе? — дейді Ақнұр.
«Ерлердің анатомиялық ерекшелігін ескеру керек»
Кейінгі кезде әлеуметтік желіде жұрт автобуста отыру мәдениеті жайлы ой бөлісіп, ыңғайсыз жағдайға жиі тап болатынын айтады. Ал кейбірі ерлердің анатомиялық ерекшелігін ескеру керек дейді.



Желі қолданушыларының сөзіне қарағанда, тәртіп пен этикаға үстірт қарайтындар аяқты талтайтып отырудың жанындағы адамға ыңғайсыз екенін түсінбейді.

Ғылыми биология маманы Рахат Дүйсемханның сөзіне қарағанда, физиологиялық тұрғыда ер мен әйелдің жамбас құрылымы екі түрлі. Ол анатомиялық ерекшелікке байланысты көбіне ерлер аяғын кең ашып отыратынын айтты. Дегенмен жамбас сүйектің құрылымын желеу етіп, мәнспредиң мен мәдениетсіздікті ақтап алуға болмайды деп есептейді.
Ер адамның жамбас сүйек қуысы тар әрі терең болса, әйелдің денесі бала босануға бейім болғандықтан жамбас қуысы ерлерге қарағанда кең орналасқан. Әйелдің жамбас қуысы кең болса да, сан сүйегі ішке қарай бағытталған. Ерлердің жамбас сүйегі ауыр әрі қалың болғандықтан екі аяқты қосып, отыру сан сүйегіне қысым түсіруі мүмкін. Алайда «ерлердің анатомиясы ерекше» деп сүйек құрылымын желеу етіп, мәнспредиңді ақтап алу этикаға керағар, — дейді биолог Рахат Дүйсемхан.
Мәнспредиң жайлы Түркия ғалымдарының зерттеуі
Түркия ғалымдары 2018 жылы Инөнү университетінің медицина журналына мәнспредиң жайлы зерттеу жариялаған. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, әйелдің жамбастағы ортан жілігі ішке қарай, V тәрізді қиғаш орналасқан. Ал еркектің ортан жілігі жамбастан тізеге қарай тік, яғни параллель болып қалыптасқан. Ғалымдар сүйектің биологиялық орналасу кескіні отыруға да әсер ететінін айтты. Дегенмен зерттеушілер де қоғамдық орында өзгелерге кедергі келтіріп, аяқты созып отыруды ақтамайтынын жеткізді.
Шектеу мен еркіндіктің ара-жігін ажырата алмау

Халықаралық психоанализ қауымдастығының мүшесі, трениң-аналитик Мануэль Мартинездің пікірінше, мәнспредиң — адамды бала кезінен шектеусіз, тым еркін тәрбиелегеннің нәтижесі.
Кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне біржақты қарайды. Ұлдарға еркіндік береді де, қыздарды шектеу мен бақылау арқылы өсіреді. Сондықтан ерлердің басым бөлігі өзін маңызды санайды. Мәнспредиң — шектеу мен еркіндіктің ара-жігін ажырата алмаудан, өзгені құрметтемеуден туындайды, — дейді психоаналитик.
Заң бойынша жолаушы қоғамдық тәртіпті сақтауға тиіс
Жолаушының құқығы мен міндеті бекітілген «Автомобиль көлiгi туралы» заңның 20-бабы бойынша, жолаушы жол ақысын төлеуге және қоғамдық тәртiптi сақтауға тиіс.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңның 434-1-бабы бойынша, қоғамдық орындарда айналасындағы адамдарға құрметпен қарамай, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған адам 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), яғни 86 500 теңге айыппұл төлейді немесе 20 сағаттан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істейді, я болмаса 5-10 тәулік аралығында қамауға алынады.
***
Тағы оқыңыз:
Эксперт: Гендерлік рөлдер өзгермейінше, әйел құқығы таптала береді
