Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің кезегі пайда болды

Фото: Шекара қызметі
Ақтөбе облысындағы Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жағдайдың туындауына Ресей тарапының жүк көліктерін қабылдау қарқынының төмендеуі себеп болған. Сонымен қатар екі елдің шекаралық өткізу бекеттеріндегі инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің айырмашылығы да әсер етіп отыр.

Атап айтқанда, Жайсаң өткізу бекеті аумағында көлік қозғалысына арналған төрт жолақ жұмыс істейді. Ал Ресейдің «Сағарчин» өткізу бекетінде небәрі екі жолақ қарастырылған.

Өткізу бекеттерінің мүмкіндігі шектеулі болған жағдайда көлік ағынының артуы жүк көліктерінің шекарадан біркелкі өтуіне кедергі келтіріп, кезектің жиналуына алып келеді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар мамандар бұл бағытта демалыс күндерінен кейін көліктердің шоғырлануы жиі байқалатынын атап өтті. Себебі осы кезеңде халықаралық тасымалмен айналысатын жүк көліктерінің саны едәуір артады.

Айта кетейік, Жайсаң өткізу бекеті Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы аумағында орналасқан және Ресейдің Орынбор облысы аумағындағы «Сағарчин» өткізу бекетімен шектеседі.