Алматыда әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына байланысты полиция қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, полиция қызметкерінің әрекетсіздігі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін болған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары тараптардың танысуына берілген.
Резонансты іс бойынша алдын ала сот отырысы 28 мамырда өтеді.
Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr жүргізушісі жарыс ұйымдастырмақ болып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза болды.
