Жазғы демалыс маусымында жолаушылар ағынының артуына байланысты «Қазақстан темір жолы» сұранысқа ие бағыттар бойынша төрт қосымша Тальго пойызын іске қосады. Қосымша рейстер маусым айының ортасынан бастап қатынай бастайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, жазғы маусымда жолаушылар сұранысын қамтамасыз ету үшін төрт қосымша Тальго пойызы іске қосылады.
Компания мәліметінше, қосымша пойыздар 2026 жылғы 18 маусымнан бастап қатынай бастайды.
- №254/253 «Нұрлы Жол – Достық» пойызы 22 маусым мен 31 тамыз аралығында аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері жүреді. Құрамында 27 вагон бар. Пойыз 344 жолаушыға арналған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы купе қарастырылған.
- №211/212 «Алматы-2 – Достық» пойызы 20 маусымнан 30 тамызға дейін күн сайын тақ күндері қатынайды. Құрамында 23 вагон бар және 326 жолаушыны тасымалдай алады.
- №207/208 «Алматы-2 – Достық» пойызы 19 маусымнан 29 тамызға дейін жұп күндері жүреді. Құрамында 22 вагон қарастырылған. Пойыздың сыйымдылығы – 288 орын.
- Ал №231/232 «Алматы-2 – Семей» пойызы 18 маусым мен 30 тамыз аралығында жұп күндері қатынайды. Оның құрамында 22 вагон бар және 288 жолаушыға арналған.
ҚТЖ өкілдерінің айтуынша, бұл шара өңірлердің көліктік қолжетімдігін арттыруға және жазғы демалыс кезеңіндегі жоғары сұранысты қанағаттандыруға бағытталған.
