Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, қайта бастау және тоқтату қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 26 мамырда қол қойылды.
Құжат бойынша, зейнетақы тағайындау рәсімдерінің бір бөлігі цифрлық форматқа көшіріледі.
Зейнетақы тағайындау кезінде қажет мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы алынады. Олардың қатарында жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер қоры, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының мәліметтері, қорғаншылық және қамқоршылық жүйелері, жоғарғы сот пен мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық базалары бар. Өтінішті қағаз түрінде де, электронды форматта да беруге болады. Егер қажет ақпарат мемлекеттік дерекқорларда болмаса, азамат растайтын құжаттарды өзі ұсынуға тиіс, — делінген хабарламада.
Жаңа өзгерістер бойынша, қосымша құжаттарды тапсыру қажеттігі туралы хабарлама азаматтарға жаңа тәртіппен жолданады.
Мұндай хабарламалар қысқа мәтіндік хабарлама арқылы да жіберіледі. Жетпейтін құжаттарды ұсынуға 25 жұмыс күні беріледі. Сонымен қатар артық төленген зейнетақы қаражатын қайтару тәртібі нақтыланды. Қаражат алушының өтініші бойынша, мемлекеттік корпорацияның құжаттары негізінде немесе сот шешімімен қайтарылуы мүмкін. Өзгерістер қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында толық мемлекеттік қамқорлықта тұратын азаматтарға да қатысты. Зейнетақы төлемдерін тоқтату немесе қайта бастау туралы шешімдер мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде қабылданады, — делінген хабарламада.
Құжат бойынша, төлем жүргізіліп жатқан зейнетақы істері қолданыстағы істер мұрағатында сақталады. Ал зейнетақы істерінің электрондық нұсқалары уәкілетті органның цифрлық жүйесінде мерзімсіз сақталады.
Өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Жекелеген нормалар 2026 жылғы 13 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.
