Алматы полициясына тұрғын үй алаптарында жүк көліктерінің қозғалысына қатысты тұрғындардан бірқатар шағымдар түсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Polisia.kz мәліметінше, өтініштерде жүк көліктерінің аулалар арқылы қатынауы, абаттандыру қағидаларын бұзуы, көгалдар мен жасыл желек аумақтарына кіру фактілері көрсетілген. Сонымен қатар ассенизаторлық көліктердің жұмысына қатысты мәселелер де көтерілді.
Осыған байланысты Алатау ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, көлік құралдарын пайдалану қағидаларының бұзылуы, сонымен қатар қалалық инфрақұрылымды пайдалану және күтіп ұстау жөніндегі заң талаптарының орындалмауы фактілерін анықтады.
Анықталған барлық құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды.
Тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалған жоқ. Біз нақты мәселелер көтерілген аумақтарда арнайы тексеру жұмыстарын жүргіздік. Негізгі мақсат — тұрғын үй алаптарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрі қолайсыздық туғызатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деді Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Плалов.
