Не болды?
Танымал BTS тобының әлемдік туры жанкүйерлер арасында онлайн дүрбелең туғызды. Әлемдік тур ұйымдастырған топтың концертіне билет алу жанкүйерлер үшін оңайға соқпады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Threads желісінде бірі танымал оңтүстіккореялық топтың концертіне орын алып үлгергенін бөліссе, енді бірі бірнеше сағат кезекте тұрып, билетсіз қалғанын жазды. Олардың қатарында бойз-бэндтің Қазақстандағы жанкүйерлері де бар.



Бүгін BTS-тың Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтетін концертіне билет сатыла бастады. 12-13 желтоқсанда өтетін шоуға қызығушылық танытқандар көп. Билет сататын платформада миллиондаған адам онлайн кезекке тұрып, кейбірі бірнеше сағат бойы күтуге мәжбүр болған.
Жанкүйерлер билет алу процесін «соғысқа» теңеп жатыр. Бірі қалаған орнына билет алып үлгерсе, енді бірі кезегі жеткенше барлық орын сатылып кеткенін жазды. Тіпті күту жолағының қозғалысын сызғышпен өлшегендер де бар.

Сайттағы боттарды анықтау жүйесі жанкүйерлерді таңғалдырды. Билет сатып алу үшін нақты уақытты цифрлық сағат арқылы емес, механикалық сағатта көрсету қажет болған. Жанкүйерлердің бір бөлігі үшін бұл күтпеген сынақ болды.

Билет ала алмай қалған жандардың назары енді Тайландтағы концертке ауып отыр. 5-6 желтоқсанда Бәңкоңда өтетін шоуға билет сатылымы 9-11 маусымда басталады. Қазақстан мен ТМД елдеріндегі Army-лер дәл осы концертке баруды жоспарлап отыр.

Билет үшін Құдайға сыйынған жанкүйерлер
Тайвандағы жанкүйерлердің әрекеті тіптен ерекше болды. Reuters агенттігінің жазуынша, жергілікті жанкүйерлер концерт билетін ұтып алу үшін махаббат пен неке құдайы – Юэ Лаоға дұға ете бастаған. Олар ғибадатханаға BTS-тың ресми күлгін түсті атрибуттарын, концерт залының схемаcын және тілектерін апарып, тылсым күшке сыйынған.
BTS сахнаға қайта оралды
BTS — 2013 жылы құрылған Оңтүстік Кореяның әлемге әйгілі K-pop тобы. Big Hit Entertainment (қазіргі Big Hit Music) агенттігі құрған бұл ұжым жеті талантты артистен тұрады. BTS бүгінде K-pop индустриясындағы ең ықпалды топтың бірі. Army – BTS тобының жанкүйерлері.
Айта кетейік, BTS 2022 жылдан бері топ мүшелерінің әскери қызметіне байланысты шығармашылығын уақытша тоқтатқан еді. 2026 жылы ұжымның толық құрамы қайта оралып, әлемдік турға шығатынын мәлімдеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, корей актерлары Қазақстанға келіп, дорама түсіріп жатыр. Фильм түсірілімі үшін танымал актриса Сюзи Ақтауға келді.
