Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартса, не істеу керек?

Фото: Аbctv.kz

Не болды?

Қазақстанда сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуден бас тартқан жағдайда азамат сақтандыру омбудсманына жүгіне алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, компания төлем көлемін негізсіз азайтып, өтінішті ұзақ уақыт қараған жағдайда омбудсман мәселені шеше алады. Арнайы маман сақтандыру ұйымы мен олардың тұтынушысы арасындағы дауды сотқа жеткізбеуге көмектеседі.

Омбудсманға жеке тұлға мен шағын бизнес өкілі талап сомасы 10 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын жағдайда жүгіне алады. 2026 жылы бұл сома 43 млн 250 мың теңге.

Заңды тұлға омбудсман көмегіне тек міндетті автосақтандыру бойынша туындаған дауды шешу үшін жүгіне алады.

Омбудсман қызметі тегін. Бұл азаматқа артық шығынсыз құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Дегенмен омбудсманға өтініш бермес бұрын сақтандыру компаниясына шешіміңіз жайлы хабарлау қажет. Егер үш жұмыс күні ішінде мәселе шешілмесе, өтінішті омбудсманға жолдауға болады.

Өтініш беруші омбудсман шешімімен келіссе, сақтандыру компаниясы міндетті орындауға тиіс. Шешімге көңілі толмаған жағдайда азамат сотқа жүгініп, омбудсман мәселені реттеуге әрекет жасағанын дәлел ретінде ұсына алады.

Омбудсманға жүгіну үшін мынадай құжат қажет:

  • өтініш;
  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • көлік құралының техникалық паспортының көшірмесі;
  • сенімхат көшірмесі (өкіл арқылы жүгінген жағдайда);
  • сақтандыру компаниясына алдын ала жолданған хабарламаның көшірмесі;
  • тәуелсіз бағалаушының залал мөлшерін анықтау туралы есебі немесе өзге де бағалау құжаты;
  • бағалау қызметіне төлем жасалғанын растайтын түбіртек;
  • кінәлі тұлғаны жауапкершілікке тарту туралы сот қаулысы (бар болса);
  • сақтандыру төлемінен бас тарту жөніндегі сақтандыру компаниясының хаты;
  • талаптың негізін дәлелдейтін өзге де материал.

Өтінішті омбудсманның ресми сайты, [email protected] электронды поштасы арқылы немесе Алматыдағы кеңсе (Рысқұлбеков к-сі 28/7, «Бай-Тал» ТК) арқылы беруге болады.

Контекст

Естеріңізге салайық, бұған дейін мәжілісте автомектептегі қосымша төлемге қатысты мәселе көтерілді.