Не болды?
Денсаулық сақтау министрлігі эбола қызбасының өршуіне байланысты шетелге шығатын азаматтарға арнап нұсқаулық әзірледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мамандардың айтуынша, бұл індет негізінен Африка құрлығындағы бірқатар мемлекетте кездесетін аса қауіпті вирустық инфекция. Ауру адамнан немесе вирус жұқтырған жануардан тарайды. Инфекция қан, биологиялық сұйықтық және вируспен ластанған заттар арқылы жұғуы мүмкін.
Аурудың жасырын формада екі күннен 21 күнге дейін созылады. Негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас және бұлшықет ауыруы, құсу, іш өту, теріге бөртпенің шығуы жатады.
Осыған байланысты дәрігерлер эбола тіркелген Африка елдеріне бармауды ұсынды. Әсіресе балалармен бірге бармауға кеңес берді. Сонымен қатар жабайы жануарлармен байланысқа түспеу, ауру белгісі байқалған адамнан алыс жүру ұсынылады.
Бұдан бөлек, мамандар жабайы жануарлар сатылатын базарға бармауға, тек таза ауыз су ішіп, термоөңдеуден өткен тағамды тұтынуға және жеке гигиена талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Егер ауру таралған аймақтан оралғаннан кейін 21 күн ішінде дене қызуы көтеріліп, бас ауырып, бөртпе, құсу немесе диарея сынды белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралып, шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлау қажет.
Контекст
Естеріңізге салайық, бұған дейін Угандада эбола індетінің өршігені хабарланған болатын.
