Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Астанадан Қытайдың ең ірі мегаполистерінің біріне тікелей рейс ашылды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы тағы бір бағытпен толықты. Енді елорда тұрғындары Қытайдың ең ірі экономикалық орталықтарының бірі – Гуанчжоу қаласына тікелей ұша алады. Жаңа рейс аптасына екі рет орындалады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Air Astana әуе компаниясы Астана мен Қытайдың Гуанчжоу қаласы арасында жаңа тікелей рейсті іске қосты. Бұл бағыт 2025 жылғы наурыз айынан бері аптасына бес рет қатынап жүрген Алматы – Гуанчжоу рейстерін толықтырады.

Гуанчжоу – Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы. Қала елдің маңызды өнеркәсіптік, сауда және логистикалық хабтарының бірі саналады. Сонымен қатар өңір халықаралық көрмелер мен іскерлік форумдардың тұрақты алаңы ретінде белгілі.

Жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері орындалады. Ұшақ Астанадан сағат 18:45-те ұшып, Гуанчжоуға жергілікті уақыт бойынша таңғы 04:30-да қонады. Ұшу уақыты 6 сағат 45 минутты құрайды.

Рейстер заманауи Airbus A321LR әуе кемелерімен жүзеге асырылады. Жаңа бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын кеңейту жөніндегі ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігі. Компания екі ел арасындағы алғашқы рейсті 2002 жылғы желтоқсанда Алматы – Бейжің бағыты бойынша орындаған болатын, — делінген хабарламада.

Әуе тасымалдаушысының хабарлауынша, 2026 жылғы жазғы навигация кезеңінде Қытай бағыттарындағы рейстер саны тағы да көбейеді. Атап айтқанда, Алматыдан Үрімші, Гуанчжоу, Шанхай, Санья және Инин қалаларына, сонымен қатар Астанадан Бейжің мен Үрімшіге ұшу жиілігі артады.

Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы Air Astana рейстерінің жалпы саны аптасына 51-ге жетіп, компания тарихындағы рекордтық көрсеткіш орнамақ.