Қазақстанда Конституцияға байланысты ауқымды рақымшылық жасалады. Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, бұл жолғы рақымшылықтың басты ерекшелігі – Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да қатар жүзеге асырылуы.
Бұл – қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, түзелу жолына түскен азаматтарға мемлекет тарапынан жасалған кезекті ізгілік актісі, – деді депутат.
Заң жобасы бойынша, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар және зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген шығынды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар бойынша қозғалған істер тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар осындай санаттағы қылмыстар үшін сотталған азаматтарды жазадан босату қарастырылған.
Бұдан бөлек, орташа ауыр, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін қысқарту ұсынылып отыр.
Алайда рақымшылық барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайды. Сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау, қайталанған қылмыстар және қоғамдық қауіптілігі жоғары өзге де құқық бұзушылықтар жасаған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.
1 миллион айыппұл мен 15 мың сотталған
Рақымшылық шамамен 15 мың сотталған адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 5 мыңнан астамы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатса, 10 мыңға жуығы пробациялық бақылауда тұр. Әрбір сотталғанға қатысты түпкілікті шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға бостандыққа шығатын азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта кіріктіру бойынша міндеттер жүктеледі. Заң жобасында әкімшілік рақымшылық та қарастырылған. Оған сәйкес Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары әкімшілік айыппұлдардың белгілі бір санатынан толық босатылуы мүмкін, — дейді депутат.
Дегенмен соттар салған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған әкімшілік жазалар рақымшылыққа жатпайды.
Мәжіліс мәліметінше, әкімшілік рақымшылық шамамен 1 миллион айыппұлды қамтуы мүмкін. Заң жобасы енді парламентте одан әрі қаралады.
