Астанада OpenAI делегациясы мен Қазақстан үкіметі өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесуге премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, білім беру бастамаларын іске асыру және ChatGPT Edu платформасын енгізу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында OpenAI өкілдері Қазақстандағы жасанды интеллектті қолдану деңгейіне қатысты талдау нәтижелерін ұсынды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Мәлімет бойынша, Қазақстан азаматтары жасанды интеллект құралдарын көбіне практикалық нұсқаулық алу (32,8%), мәтін жазу және өңдеу (25%) және ақпарат іздеу (18%) мақсатында пайдаланады. Хабарламалардың басым бөлігі сұрақ-жауап форматында жасалады.
OpenAI өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда ChatGPT қолдану деңгейі халықаралық көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары. Әсіресе жастар арасында ЖИ құралдарын пайдалану кең таралған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл көрсеткіштер Қазақстан қоғамының жаңа технологияларға бейімділігін көрсетеді.
Азаматтар жасанды интеллектті білім алу, жұмыс істеу және контент жасау процесінде белсенді қолданып жатыр. Бұл үрдіс елдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Жобаның аясында еліміздегі 165 мың педагог ChatGPT Edu білім беру платформасына қол жеткізеді. Бұл бастама мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында жасанды интеллектті оқыту процесіне енгізуге бағытталған.
OpenAI білім беру бағытының жетекшісі Валери Фокке Қазақстанның ЖИ технологияларын енгізу қарқынын жоғары бағалап, елдегі жастардың цифрлық дағдыларының дамығанын атап өтті.
Жоба жергілікті серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр және білім беру саласына жасанды интеллектті тиімді енгізу әдістемелерін әзірлеуді көздейді.
