Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстанның қай өңірі баға өсімінде көш бастап тұр?

Фото: Ерқанат Аманкел

Не болды?

Мамыр айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 10,4%-ға дейін төмендеді. Дегенмен нарықта тауар мен түрлі қызмет бағасы түспеген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, кейінгі бір жылда мәдениет және демалыс саласындағы қызметтің бағасы 15% өскен. Денсаулық сақтау қызметі 13,8%, жеке күтім мен әлеуметтік қорғау қызметі 13,7% қымбаттаған. Сонымен қатар алкоголь өнімдері мен темекі бағасы да 13,5% өскен..

Мамырда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы әртүрлі болды. Қияр бағасы 25,4%, қызанақ 25,1%, қызылша 2% арзандады. Сонымен қатар күнбағыс майының бағасы 0,4% төмендеді. Қой еті 4,7%, жұмыртқа 0,6% және айран 0,4% қымбаттады.

Жылдық есепте де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасында айтарлықтай өзгеріс байқалды. Қияр 35,2%, пияз 25,1%, картоп 7,5% және күріш 4,3% арзандаса, қант бағасы бір жылда 2,3% өсті. Бұл нарықтағы сұраныстың өзгеруіне байланысты екенін көрсетеді.

Баға өсімі жоғары өңір қандай?

Өңір бойынша алғанда, мамыр айындағы ең жоғары инфляция Атырау облысы мен Ұлытау облысында. Екі өңірде де баға бір ай ішінде 1% көтерілген. Одан кейін Астана қаласы – 0,9%, Алматы қаласы – 0,8% көрсеткіште тұр. Ал ең төменгі инфляция Шымкентте — небәрі 0,3%.

Жылдық көрсеткіш бойынша да Ұлытау облысы көш басында. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында инфляция деңгейі 13,3%-ға жеткен. Ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында – 9%, Астана мен Қарағанды облысында – 9,4%, ал Шымкентте – 9,7% болды.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы инфляция жыл соңына қарай шамамен 10% деңгейінде болмақ. Кейінгі жылдары 8%, одан әрі 6,8% төмендеуі мүмкін.

Контекст

Естеріңізге салайық, Астана дүкендерінде азық-түлік қымбаттады.