Қазақстанда жұмыс істейтін 12 мыңнан астам балабақшаның жартысынан көбі жекеменшік секторға тиесілі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің мәліметінше, бүгінде елдегі балабақшаларда шамамен 1 миллион бала тәрбиеленіп жатыр.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үкімет Қазақстандағы балаларды қолдау және қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жариялады. Құжатта мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласына қатысты жаңа статистикалық мәліметтер келтірілген.
Қазір республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 5,3 мыңы – мемлекеттік мекеме болса, 6,6 мыңы – жекеменшік балабақша. Осылайша, мектепке дейінгі ұйымдардың басым бөлігі жекеменшік сектордың үлесіне тиесілі болып отыр. Бүгінде еліміздегі балабақшаларда 1 миллионға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстанда екі мен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 70%-ға жеткен, — делінген хабарламада.
Үкімет мектепке дейінгі білім беру жүйесін кеңейту және балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
