2026 жылғы WIBA Awards халықаралық сыйлығының «Әлемнің үздік тревел-блогері» аталымының жеңімпазы Дастан Мұхамедрахым Алматының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде дәріптеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, оның шақыруымен қалаға танымал тревел-креаторлар – Жо Хаттаб пен Жошуа Платилеро келді.
Шетелдік қонақтарды Алматы туризм басқармасының өкілдері қарсы алып, шаһардың туристік мүмкіндіктерімен таныстырды. Сапар барысында блогерлер Шымбұлақ тау курортын және қаланың өзге де көрікті орындарын аралайды.
Жо Хаттаб – саяхат тақырыбындағы деректі фильмдері арқылы халықаралық аудиторияға кеңінен танылған контент авторы. Оның YouTube арнасына 20 миллионнан астам адам жазылған. Креатордың жұмыстары әртүрлі халықтардың мәдениетін танытып, жоғары сапалы визуалды шешімдерімен ерекшеленеді.

Ал Жошуа Платилеро, әлеуметтік желілерде Mega American атымен танымал, әлемнің түрлі елдеріндегі табиғи және туристік орындар туралы бейнероликтер түсіреді. Оның TikTok пен Instagram платформаларындағы аудиториясы миллиондаған оқырманды қамтиды.
Сапарда шетелдік блогерлер Дастанмен бірлесіп Алматының туристік мүмкіндіктерін көрсететін бейнетүсірілімдер жүргізеді. Жобаның мақсаты – қаланың табиғи, мәдени және урбанистік ерекшеліктерін халықаралық аудиторияға таныстыру.
Туризм саласы мамандарының пікірінше, әлемдік деңгейдегі креаторлардың Алматыға келуі қаланың халықаралық туристік бағыт ретіндегі имиджін күшейтіп, жаһандық цифрлық кеңістіктегі танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.
