Қазақстандағы экотуризмнің негізгі орталықтарының бірі саналатын Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркі кейінгі жылдары қарқынды даму кезеңіне өтті. Туристер санының артуы, инфрақұрылымның жаңаруы және жаңа инвестициялық жобалардың қолға алынуы ұлттық парктің әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Baribar.kz тілшісі Алматы облысы Кеген ауданындағы Көлсай мен Қайыңды көлдеріне ұйымдастырылған баспасөз турына қатысып, ұлттық парктегі өзгерістер мен болашақ жоспарлармен танысып қайтты.
«Парктер шеруі»: табиғатты қорғау мерекесіне айналған акция

29 мамыр күні таңғы сағат оннан аса бере Төменгі Көлсай көлінің жағасына адамдар жинала бастады. Бірі – мектеп оқушысы, бірі – ұстаз, енді бірі – эколог немесе ұлттық парк қызметкері. Барлығының мақсаты ортақ – жыл сайын өтетін «Парктер шеруі» халықаралық табиғатты қорғау акциясының қорытындысына қатысу.

Акция барысында табиғатты қорғау бағытындағы байқауларға қатысқан оқушылар марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бірақ бұл іс-шараның астарында әлдеқайда маңызды мәселе жатыр.

Ұлттық парк директорының орынбасары Хамит Ахметов табиғатты қорғау мәселесі туризмнен де маңызды екенін айтады.
Туризмнің басты капиталы – табиғат. Егер оны сақтай алмасақ, барлық жетістіктің мәні жоғалады. Экологиялық акцияның мақсаты – қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Бұл ұлттық парктер мен қорықтардың маңызын насихаттап қана қоймай, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді Хамит Ахметов.

Туристер тоқтаусыз ағылып жатыр
Көл жағасына жеткен сәтте-ақ мұндағы туристік белсенділік көзге түседі. Автотұрақтағы көліктердің ұзын қатары, қайықтарға кезек күткен демалушылар, ат үстінде серуендеуге ниетті қонақтар – бәрі Көлсайға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы ұлттық паркке 395 мың турист келген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш алғаш рет 600 мыңнан асып отыр.
Биылғы жылдың алғашқы бес айының өзінде парк аумағына 120 мыңнан астам адам келген.

Шетелдік туристердің үлесі де артып келеді. Ұлттық парк дерегі бойынша, Үндістан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия және Ұлыбритания азаматтары Көлсай мен Қайыңдыға жиі келетін шетелдік қонақтардың қатарында.
2024 жылы 395 мың турист келсе, 2025 жылы паркке келушілер саны 600 мыңнан асты. Бұл – біз үшін тарихи көрсеткіштердің бірі. Егер жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар толық іске асса, алдағы жылдары бұл сан бұдан да өседі деп күтіп отырмы, – дейді ұлттық парк директорының орынбасары Хамит Ахметов.

Қайықтар, соқпақтар және жаңа инфрақұрылым
Туристердің көбеюі ұлттық паркке түсетін жауапкершілікті де арттырған. Кейінгі екі жыл ішінде Қайыңды бағытына жаңа жаяу жүргіншілер жолы төселіп, бақылау-өткізу бекеттері жаңартылған. Электрон шлагбаумдар орнатылып, QR арқылы төлем қабылдау жүйесі іске қосылған.
Төменгі Көлсай көлінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы пандус жасалып, жаңа көру алаңдары пайдалануға берілген.
Бұдан бөлек, туристер көп шоғырланатын орындарға ақпараттық тақталар, демалыс қалқалары мен қоқыс жинау орындары қойылған.

Парк басшылығының айтуынша, бүгінде ұлттық парк аумағында туристік-рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген 25 жер учаскесі бар. Инвесторлар визит-орталықтар, эко-қонақүйлер, глэмпиңдер және қоғамдық тамақтану орындарын салуды жоспарлап отыр.
Ең көп талқыланып жатқан жоба – аспалы жол
Баспасөз туры кезінде ең көп талқыланған мәселелердің бірі Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерін байланыстыратын аспалы жол жобасы болды.
Бұл бастама жүзеге асса, туристердің қозғалысы жеңілдеп, өңірдің туристік тартымдылығы арта түсуі мүмкін.
Бұл жоба жүзеге асса, өңір экономикасына оң әсер етеді. Бірақ экологиялық жүктеме де артады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – табиғатты сақтай отырып, туристік сервисті халықаралық деңгейге шығару, – дейді Хамит Ахметов.

Көлсайдағы қауіпсіздік мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Төменгі Көлсай көліне қарай түсе бергенде жаңа құтқару пункті бірден көзге түседі.
Нысан жақында ғана пайдалануға берілген.
Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Сағымжанның айтуынша, құтқару пункті туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында салынған.

Шелек өзені алабы сел қаупі жоғары аумақтардың қатарына жатады. Мұнда мұздықтар мен бөгеттік көлдер орналасқан. Сондықтан заманауи құтқару пунктін салу қажеттігі туындады. Бұл жерде құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады, – дейді Нұрым Сағымжан.
Жаңа нысан байланыс құралдарымен, мониториң жабдықтарымен және жедел әрекет ету техникасымен қамтамасыз етілген.
Қайыңдыға апарар жаңа жол

Баспасөз турының келесі бағыты – Қайыңды көлі.
Қазір мұнда апаратын жаңа жол салынып жатыр. Ұзындығы шамамен 10 шақырым болатын жол туристердің көлге жетуін айтарлықтай жеңілдетуге тиіс. Өйткені бүгінде демалушылардың басым бөлігі Қайыңдыға жол талғамайтын көлікпен немесе атпен жетуге мәжбүр. Ал былтыр көлге 200 мыңнан астам турист келген.


Жобаға жауапты мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр және жаз соңына қарай аяқталуға тиіс.

Былтыр Алматы облысы туризм басқармасынан 67 миллион теңге қаражат бөлініп, жаяу жүргіншілерге арналған 150 жол, 10 демалыс және тамақтану аймағы жасалған болатын. Сонымен қатар Егіз көлде демалушыларға арнайы шатырлар орнатылды. Ал биыл туризм басқармасынан Қайыңды көлі аумағын дамытуға 130 миллион теңге қаражат бөлінген. Туристерге арнайы 450 метрлік темір баспалдақ жол салынды. Қазір көл аймағында Актив, Билайн және тегін Wi-Fi желісі жұмыс істеп тұр, — дейді «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Руслан Иманбаев.


«Мұндай табиғатты бұрын көрген емеспін»
Қайыңдыға апаратын жолда Түркияның Измир қаласынан келген жас жұбайларды кездестірдік. Нигина Қазақстан тумасы болса, оның жұбайы Октай елімізге үшінші рет келіп отыр.
Нигинаның айтуынша, Көлсай мен Қайыңдыдағы өзгерістер жыл сайын байқалады.
Жыл сайын өзгеріс байқалады. Жол жақсарған, бағыттаушы белгілер көбейген. Бұрын кей жерлерде туристерге жағдай жетіспейтін. Қазір әлдеқайда қолайлы. Күйеуіме Қазақстанның ең көрікті жерлерін көрсетіп жүрмін, – дейді Нигина.

Ал Октайдың Қайыңды көлінен алған әсері ерекше.
Қазақстанның табиғаты да, халқы да ұнап жатыр. Қайыңды көліне алғаш рет келіп тұрмын. Әлеуметтік желіден көрген суреттер шынайы көріністің жанында түк емес екен. Су астынан көрінетін ағаштар ерекше әсер қалдырды. Мұндай табиғатты бұрын көрген емеспін, – дейді ол.
Туризмнің көлеңкелі жағы
Туристер санының артуы өңір экономикасына пайда әкелгенімен, экологиялық мәселелерді де қатар алып келеді. 2025 жылы ұлттық парк аумағынан 108 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған. Сол себепті ұлттық парк жыл сайын экологиялық акцияларды көбейтіп келеді.
Биылдың өзінде «Таза Қазақстан», «Таза өлке», TazaLike акциялары аясында мыңдаған адам тазалық жұмыстарына қатысқан.

Мамандардың айтуынша, Көлсайдың болашағы жаңа қонақүйлерге немесе жаңа жолдарға емес, табиғатты қаншалықты сақтап қала алатынымызға байланысты. Өйткені Көлсайға келетін туристерді тартатын басты нәрсе – заманауи инфрақұрылым емес, ғасырлар бойы өзгермеген табиғаттың өзі.
Сондықтан ұлттық парк алдында тұрған ең маңызды міндет – туризмді дамыту мен табиғатты қорғау арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау.
