Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан халқын құттықтап, жас ұрпақтың құқығын қорғау мен олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президент өз құттықтауын Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Мемлекет басшысының айтуынша, балалардың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың толыққанды дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат әрі конституциялық міндет.
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды, – деп жазды президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың білімде, спортта және өнерде жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін атап өтті.
Сонымен қатар президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында әрбір балаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын еске салды.
Мемлекет басшысы биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру басталғанын айтып, жас буынға қолдау көрсету алдағы уақытта да мемлекеттің басты назарында болатынын жеткізді.
Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, – деді президент.
