Алматыда қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және экологиялық бақылауды күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Eco Almaty мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда қоқыс шығару ұйымдары қызмет көрсететін 100 мыңнан астам нысан толыққанды цифрлық бақылаусыз жұмыс істейді. Сонымен қатар тариф құрамында қарастырылған қалдықтарды сұрыптауға арналған қаражат қайта өңдеу жүйесіне әрдайым толық көлемде жетпейді. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен техникалардың тозуы да өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Жүйені ретке келтіру мақсатында «Бір аумақ — бір қоқыс шығаратын ұйымы» қағидатын енгізу ұсынылып жатыр. Бұл талаптар халыққа, тұрғын үй кешендеріне, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бірдей қолданылады. Сонымен қатар қалада қалдықтарды тасымалдауды бақылаудың бірыңғай жүйесі енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ресми қоқыс шығару ұйымдарының техникасының 94%-ы GPS-платформаға қосылған. Жүйе 20 маусымға дейін толық іске қосылады деп жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, бұл техниканың қозғалысын онлайн режимде бақылауға, қалдықтарды шығару үдерісін қадағалауға және экологиялық талаптардың бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді.
Полигондардың жұмысының ашықтығына да ерекше назар аударылып жатыр. Қалада қалдықтарды тоннамен есепке алу жүйесіне толық көшу, полигондарды Бірыңғай мониториң платформасына қосу және толыққанды сұрыптау желілерін құру жоспарланған. Бұдан бөлек, былтыр көлемі 500 мың тоннадан асқан құрылыс қалдықтарын реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты мердігер және құрылыс ұйымдарының техникаларына міндетті GPS-трекерлер орнату, сонымен бірге құрылыс қалдықтарын орналастыру және қайта өңдеуге арналған арнайы полигон құру ұсынылып жатыр. Жыл соңына дейін Алматыда Көріктендіру қағидалары мен Қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларын жаңарту, сонымен қатар қалдықтармен жұмыс істеудің Бірыңғай диспетчерлік орталығын құру жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
