Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Астанада Балаларды қорғау күнінде қандай іс-шара өтеді?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Не болды?

Астанада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауқымды мерекелік бағдарлама жоспарланған. Қалада 100-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Биыл іс-шаралар балалардың жас ерекшелігіне қарай бірнеше бағытқа бөлініп, бүлдіршіннен бастап жасөспірімге дейін қамтылған.

Бірінші блок — «Бесік әлемі»

Бұл блок үш жасқа дейінгі балаларға арналған. 1 маусым күні Жастар саябағында дәстүрлі «Арба FEST» арба шеруі өтеді. Ал Президент саябағында еңбектейтін сәбилер арасында «Шапшаң бөбек» жарысы ұйымдастырылады.

Қала саябақтарында «Бақыт мекені» фотоаймағы мен «Бала әлемі» ойын алаңы істеп тұрады.

Екінші блок — «Балапан әлемі» 

3-6 жас аралығындағы балаларға арналған бағдарламада танымдық және ойын форматындағы іс-шара өтеді. Балаларға судағы, көшедегі және интернеттегі қауіпсіздік ережесі түсіндіріледі.

1 маусым күні елордада III халықаралық сайқымазақтар фестивалі өтеді. Фестивальге қатыстындар сағат 12:00-де «Бәйтерек» монументінен «Ғашықтар» саябағына дейін шеру ұйымдастырады. Кешкі сағат 17:00-де амфитеатрда мерекелік концерт қойылады.

Қала емханаларында да балалар стоматологқа көріне алатын ашық есік күні өтеді.

Үшінші блок — «Білім мен арман әлемі» 

7-10 жас аралығындағы балалар үшін түрлі жарыс пен мәдени бағдарлама әзірленген.

30 мамыр күні Жерұйық-2 саябағында ерекше балаларға арналған «Бақытты бала» мерекесі өтеді.

1 маусым күні:

  • Кірпішті және Өндіріс тұрғын үй алабында «Көңілді старттар» жарысы;
  • «Хан Шатырда» балалар сән көрсетілімі;
  • №64 мектеп-лицейінде «Әлем балалар көзімен» шығармашылық байқауы;
  • Техникалық және көркем шығармашылық орталығында көрме мен шеберлік сабағы ұйымдастырылады.

Төртінші блок — «Жас өркен» 

Бұл блок 11-14 жас аралығындағы балаларға арналған. Бұл бағытта қауіпсіздік тақырыбындағы іс-шара өтеді. Орталық, Президент және «Жетісу» саябағында балаларға түрлі қауіптен сақтану амалы түсіндіріледі.

Сонымен бірге:

  • 29 мамыр күні Амфитеатрда «Жасыл ел» еңбек маусымы ашылады.
  • Полиция департаментінің кинология орталығына экскурсия ұйымдастырылады.
  • Bala energy open-air фестивалі өтеді.
  • «Ethno Games АрқаLan» ұлттық ойындар фестивалі ұйымдастырылады.

Бесінші блок — «Болашаққа қадам» 

Жасөспірімдерге арналған бағдарламада 1 маусым күні халықаралық Astana FIDA Drone Soccer Championship дрон-футбол чемпионаты өтеді.

Оған қоса:

  • Амфитеатрда QosymshaFest;
  • қала алаңында «Түрлі-түсті мозаика» шығармашылық байқауы ұйымдастырылады.

Алтыншы блок — «Бақытты отбасы» 

Ең ауқымды блок отбасы құндылығына арналған.

Бағдарлама аясында:

  • Паралимпиада орталығында спорт жарысы;
  • MEGA Silk Way орталығында «Шекарасыз денсаулық» науқаны;
  • «Қаламгерлер» аллеясында қайырымдылық концерт;
  • Президент саябағында «Экомамафест 2026»;
  • «Жетісу» саябағында «БөпеFair» фестивалі өтеді.

1 маусым күні Орталық саябақта отбасылық Kids RUN жарысы ұйымдастырылады. Президент саябағында сурет салу сабағы, ал Ailand орталығында концерт өтеді.

Жаңарған аула мен нысандар қолданысқа беріледі

Астанада мереке қарсаңында күрделі жөнделген балалар алаңы ашылады деп жоспарланған. Жаңарған ойын және жаттығу аумақтары Республика, Абай, Жеңіс даңғылы мен бірнеше көшедегі аулада қолданысқа беріледі.

1 маусым күні сағат 11:00-ден бастап Промышленный, Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алабында балаларға арналған концерт пен интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады.

Президент саябағында сағат 11:00-13:00 аралығында аниматорлар қатысатын мерекелік іс-шара өтеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнап концерт ұйымдастырылып, кейін Bolashak инклюзивті театры сән көрсетілімін ұсынады.

Сағат 11:00-де «Береке Астана» оңалту орталығының ресми ашылуы өтсе, дәл осы уақытта Орталық саябақтағы Ұлттық теннис орталығы маңында Bala Fest балалар спорт фестивалі басталады.

Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік бағдарлама 2 маусым күні Жастар сарайында өтетін концертпен қорытындыланады. Іс-шара «Отбасылық аула клубы/Замандас жастар коворкиңі» жобасының 15 жылдығына арналады.

1 маусымнан бастап мектеп жанындағы жазғы лагерьлер басталады.

Контекст

Естеріңізге салайық, Астанада 1-класқа құжат қабылдау басталды.